Көкшетауда ауыл шаруашылығы техникаларын сататын орталық ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда ауыл шаруашылығы техникаларын сататын орталық ашылды

23.07.2021

Көкшетауда ТМД елдерінде теңдесі жоқ ауылшаруашылығы техникаларын сататын және қызмет көрсететін орталық ашылды. Бұл - қаладағы ірі индустриалдық жоба аграрлық аймақ үшін аса маңызды нысан болмақ. Компания солтүстік өңірді толық қамтуды көздеп отыр.

Жаңа орталық 10 гектар аумақты алып жатыр. 180 адам жұмыспен қамтылған. Оның қатарында білікті маман Амангелді Бимақанов та бар. Компания алдағы 2 жылда кеңейіп, тағы 100 шақты адамды еңбекке тартпақ.

Амангелді Бимақанов, компанияның өнім маманы:
Компанияның артықшылығы жас мамандарды оқытады. Шетелде тәжірибеден өту мүмкіндігі бар. Біз ауыл шаруашылық техникаларын толық жөндейміз. Саймандарын ауыстырамыз. Ал жалақыға келсек, қала бойынша орташадан жоғары деп айта аламын.

Орталықтың ашылуы ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін береді, - дейді мамандар. Бүгінде елімізде қолданыста 142 мыңға жуық трактор, 37 мыңға тарта комбайн бар. Алайда олардың басым көпшілігі ескірген.

Марат Сәдуов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бас сарапшысы:
Бұл орталықтың ашылуы өте маңызды. Себебі бастап айтсақ, техника ғой, соның 76-78 пайызы тозған. Бірақ бүгінгі күні жұмысқа қолданады. Сондықтан мынау науқан уақытында уақытылы жинау мынадай сервистік орталық өте қажет.

Кәсіпорын трактордың бірнеше түрін, комбайндар, түрлі ору кешендерін, астық жинау қондырғыларын саудаламақ. Орталық заманауи, өнімділігі жоғары техникаларға басымдық береді.

Сергей Глокке, компанияның бас директоры:
Бүгінде технология алға жылжып жатыр. Біз Қазақстанға автоматтандырылған, өзін-өзі басқаратын техникаларды әкелеміз. Алдағы уақытта жүргізушісіз-ақ, алқаптарда жүре беретін комбайндар, тракторлар қолданыста болады. Біздің шаруашылықтар одан қалмау керек. Бастысы жоғары өнімділікке қол жеткізу.

Қазір компания 1800-ден астам шаруашылықпен бірігіп жұмыс істейді. Алдағы уақытта айналым көлемін еселеп ұлғайтпақ. Жаңа техника алғанда 30 пайызын мемлекет субсидия арқылы қаржыландыратынын ескерсек, кәсіпкерлер тарапынан сұраныстың артатыны анық.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу