Түркияда Тəуелсіздіктің 30 жылдығына арналған велошеру өтті. Қазақстандық Дамир Көшеевтің 25 маусымда Түркістаннан басталған велошеруі бүгін Анкарада аяқталды. Түркияның бірнеше қаласын велосипедпен аралап шыққан əуесқой спортшы бұл сапарды Ұлы Абай мен тəуелсіздікке арнауды жөн санапты. Ерекше велошеру туралы толғырақ Түркиядағы тілшіміз Айдос Əшімұлының материалында.
Дамирді өзі сияқты əуесқой велосипедшілер мен Қазақстанның Түркиядағы елшісі қала сыртында қарсы алды. Бір айға жуық уақытта Түркияның Ыстамбұл, Анталия, Измир қалаларын темір тұлпарымен аралап шыққан велосипедші сапарының нүктесін Анкарада бір топ велошабандозбен бірге қоюды жоспарлаған. Күннің ыстығына қарамастан талай шақырымды артқа тастаған Дамир түркиялықтардың өзін ерекше қарсы алғанын айтады.
Дамир Көшеев, əуесқой велошабандоз:
Мен Түркияда жүргенде өзімді өз елімізде жүргендей сезіндім. Жергілікті тұрғындар Қазақстанның туын көргенде бас бармақтарын жоғары көтеріп маған қолдау білдіріп отырды. Менің осынша шақырым жүргенімді білгендер таңданыстарын жасыра алмай, ерекше велошеру екенін айтты. Осының бəрі маған күш берді. Ал Анкарадағы мынадай ереше шара ұйымдастырған елшілкке алғысым зор.
Түркия тарихында алғаш рет екі елдің велошабандоздары бірлесе өткізген шеруді Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен түркиялық велоспорт қауымдастығы ұйымдастырған. Қазір Түркияда құрбан айтқа байланысты демалыс болғандықтан бұл шараға көп спортшы қатыса алмапты.
Ахмет Акюрек, Түркия велоспорт федерациясының мүшесі:
Қазақстаннан келген велоспортшымызды қала сыртынан қарсы алып, бірнеше шақырымдық жолды бірге жүріп өттік. Түрік-қазақ достығына арналған ерекше велошеру болды. Көбірек адам қатысқанын қалап едік, алайда мереке күндері болғандықтан тек 50 адам ғана шықты. Дегенмен бəрі ойдағыдай өтті. Осы шараны пайдаланып Қазақстанды тəуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын!
Велосипед мінген топ Анкараның көрікті жерлерін аралай отырып, 12 шақырымдық қашықтықты бір сағатта еңсерді. Велошеру Ататүрік мавзолейінде мəресіне жетті. Əуесқой спортшылар кесенені аралап, естелік суретке түсті. Ал Дамир велосапарын түйіндеу үшін Ыстамбұлға жолға шықпақ. Осылайша бас-аяғы үш мың шақырымға созылған халықаралық велошеру мəресіне жетеді.
Айдос Әшімұлы