Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы коронавирустың «Дельта» штамынан да қауіпті түрі пайда болуы мүмкін екенін ескертті. Токиода Халықаралық Олимпиада комитетінің 138-сессиясында Тедрос Гебрейесус осылай деп мәлімдеді. Бұған қоса, Гебрейесус жапон астанасындағы Олимпиада ойындары пандемия кезінде ойдағыдай өтетініне сенім білдірді.
Тедрос Гебрейсус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:
Әлем мерекені қажет етеді. Дегенмен салтанатты шаралар биыл да болмайды. Келер жылдың ортасына қарай әр ел тұрғындарының 70 пайызын вакциналау арқылы қалыпты өмірге қайта ораламыз деген үміт бар.
Францияда соңғы тәулікте 18 мың адамнан коронавирус анықталған. «Рейтер» агенттігінің мәліметінше, бұл елде коронавирустың төртінші толқыны басталды. Билік індеттің тарауын тоқтату үшін тұрғындарды вакцина алуға үндеп жатыр. Бұған қоса, жаңа шектеу шараларын енгізу де қарастырылған.
Ал, Ресейде бір тәулікте 23 770 адам коронавирус жұқтырған. Пандемия басталғалы елде қауіпті инфекцияға шалдыққандардың саны 6 миллионнан асты. Билік ковид жұқтыру фактілерінің көбеюін «Дельта» штамының өршуі және вакциналау қарқынының баяу жүруімен байланыстырады.
Арай Төлегенқызы