Қыркүйекте баспана бағасы арзандауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қыркүйекте баспана бағасы арзандауы мүмкін

12.07.2021

Елімізде күзге қарай баспана бағасы арзандауы мүмкін. Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі осындай болжам жасады. Сондай-ақ Қайырбек Өскенбаев баспана мен құрылыс материалдарының қымбаттауына не әсер етіп жатқанын айтты. Бұған кәсіпкерлердің бағаны сөз байласу арқылы әдейі көтеруі де себеп. Президент тапсырмасы бойынша нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін Үкімет не істемек? Тілшіміз айтсын.

Елімізде құрылыс саласына құйылған инвестиция екі жылда бірнеше есе артқан. Бұған зейнетақы қорындағы триллионнан астам қаржының тұрғын үй алуға деп берілуін қосыңыз. Бұл сұранысты арттырып, құрылысты жандандырған. Сондықтан бағаның өсуі нарық заңы.

Мәселен жыл басынан бері жаңа үйлер 9 пайызға, ал қолданыста болған баспаналар 14, құрылыс материалдарының құны 19 процентке шарықтады.
Арматура, бетон, цемент секілді тауарлардың қымбаттауына бірнеше себеп бар. Негізгісі өндірушілердің бағаны сөз байласу арқылы қолдан көтеруі. Қазір мұндай бизнесмендермен ауқымды күрес басталған.

Болат Сәмбетов, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:
Құрылыс нарығы субъектілеріне бағаны негізсіз өсіргені үшін 40 ескерту жолданды. Ол керпіш, арматура, цемент, бетон, кабель және шыны өндіретін кәсіпорындар. Ескерту еленбесе, айыппұл салынады. Табысы тәркіленеді.
Яғни, құрылыс материалдарын арзандату арқылы баспана бағасын тұрақтандыру көзделген. Ол үшін импортқа тәуелділікті де жою керек. Қазір отандық зауыттар ішкі сұранысты қамти алмайды. Сол үшін құрылысқа және жөндеу жұмыстарына қажетті заттың біразын шетелден қымбатқа сатып аламыз. Бұл да құнның өсуіне әсер етеді.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі:
Импортқа тәуелділікті жою үшін 360 миллиард теңгеге 22 жоба әзірледік. Соның аясында 2021-2022 жылдары зауыттар салынады. Онда шетелден сатып алып отырған құрылыс материалдарын өндіретін боламыз. Сонда ішкі нарықты 100 пайыз қамти аламыз.
Тіпті жазасын өтеушілер де құрылыс заттарын өндіруге жұмылдырылмақ. Әрі бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін арнайы ақпараттық онлайн сауда алаңы ашылмақ.

Досжан Маратұлы, тілші:
Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрінің айтуынша бұл тауар бағасын 15 пайызға дейін арзандатуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, маусым-шілде айларында тұрғын үй құны тұрақтанып, қыркүйекте арзандай бастайды деп болжап отыр.
Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу