Медицина мамандарына біліктілікті арттыру талабы күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медицина мамандарына біліктілікті арттыру талабы күшейтілді

02.07.2021

Медқызметкерлердің біліктілігін арттыру енді тек мемлекеттік медициналық университеттер мен академияларда ғана жүзеге асады. Бұрындары кез келген жекеменшік орталықтар куәлік бере беретін. Енді ондайға жол жоқ. Денсаулық кодексінің өзгеде өзгерістері туралы тілшіміз тарқатады.

Денсаулық кодексіне өзгерістер енгелі 1 жыл өтсе де, жаңа талаптарды білмейтін мекемелер мен медицина мамандары көп. Сондықтан жекеменшік орталықтардан біліктілігін арттырып, жарамсыз сертификаттарға ие болып жатқан мамандарды жиі кездестіруге болады.

Маржан Брімжанова, дипломнан кейінгі қосымша білім беру департаментінің директоры:
Телефон шалып немесе арнайы ресми поштамен жұмыс берушілер де хабарласады, кадр бөлімінің бастықтары, кейде дәрігерлердің өздері де жазады. «Сертификат алуға осындай қағазымды өткіздім, 221 статья бойынша қабылдамады, неліктен?» деген сияқты көп сұрақтар бар. Біз толық мағлұмат беріп, түсіндіруге тырысамыз.

Енді тек елдегі 7 медициналық ұлттық және мемлекеттік университеттер ғана біліктілікті арттырғаны туралы куәлік пен сертификат береді. Әрі әрбір медициналық мекеменің кадр бөлімі заңсыз жасалған құжаттарды оңай анықтайды.

Толқын Құрманова, №26 қалалық емхананың кадр бөлімінің басшысы:
QR-код арқылы тексере саламыз. Ресми хат немесе пошта арқылы жіберіп отырмаймыз. Заңды-заңсыз екенін бірден көре аламыз.

Жаңа өзгерістер сапаны арттырып, медицина саласындағы жемқорлықты тыяды дейді жауаптылар. Бүгінде 221-бапқа сәйкес елімізде 2 мыңға жуық маман қосымша білім алып, біліктілігін арттырыпты. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілсе, бұл көрсеткіш еселеп артары сөзсіз.

Ақниет Балтанова, тілші:
Тағы бір ескеретін жайт, медициналық жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасау арқылы жекеменшік орталықтар да куәлік беру құқығына ие бола алады. Бірақ ол мекеменің білікті оқытушылары мен талапқа сай оқу бағдарламалары болуы шарт. Қазіргі таңда бар-жоғы бірнеше медициналық орталық келісімшарт жасау арқылы, қосымша білім беруге рұқсат алды.

Ақниет Балтанова, Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу