4 шілдеде елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтеді.
Қазақ күресінен Елбасының жүлдесі үшін болатын дәстүрлі жарыс биыл оныншы рет ұйымдастырылмақ. Биылғы турнир Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қажымұқанның 150 жылдығына арналып отыр. Сондықтан жарыстың жүлде қоры да қомақты.
Бақдәулет Сәбитов, «Qazaq Kuresi» қауымдастығының спортты дамыту директоры:
Бірінші орын иегеріне 25 млн теңге. Бапкеріне 3 млн 500 мың теңге. Екінші орын иегеріне 5,5 млн теңге, бапкеріне 1,8 млн теңге. Үшінші орын иегеріне 1,8 млн теңге беріледі деп бекітілген.
Турнирге елдің әр аймағынан іріктелген 37 балуан қатысады. Олардың 11-і алғаш рет бақ сынамақ. Нұр-Сұлтан қаласының «қызыл» аймақта болуына байланысты, залды толық толтыруға тыйым салынған. Сондықтан бұл турнирді «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде таратады. «Qazsport» жарысты бастан-аяқ тікелей эфирде берсе, Ұлттық арна 17:00-ден бастап финалдық бәсекелерді көрсетеді.
Амангелді Сейітхан