Вакцина салдырмаған қызметкерлердің жұмысқа кіруіне шектеу қойылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вакцина салдырмаған қызметкерлердің жұмысқа кіруіне шектеу қойылады

01.07.2021

Вакцина салдырмаған қызметкерлердің жұмысқа кіруіне шектеу қойылады. Жаңа қаулыны елдің бас санитар дәрігері бекітті. Құжат ертеңнен бастап күшіне енеді. Талап барлық ұйымдарға қатысты. Қамтылмаған сала жоқ. Бірқатарына тоқталар болсақ, мемлекеттік органдардан бастап халыққа қызмет көрсету орталықтары, банктер, ломбард, сұлулық салондары, монша, бассейн, ойын сауық орталықтары, мәдениет нысандары, театрлар, қонақ үйлер вокзалдар, санаторилер, тамақтану орындары, әлеуметтік нысандар, денсаулық сақтау мен білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне қатысты. Бұл шарттың соңғы үш айда ковидпен ауырғандарға және қарсы көрсетілімі бар адамдарға қатысы жоқ. Ал вакцина салдымай жұмысқа бару үшін аптасына бір рет ПТР тесті тапсыру қажет. Егер жұмыс беруші мен қызметкер 15-тамызға дейін екпе салдырмаса әкімшілік айыппұл төлейді.

Елордада карантин тағы күшейеді, өйткені, эпиджағдай ушығып барады. Кеше 800 адамнан вирус анықталған. Енді мониторингтік топтар тәулік бойы жұмыс істейді. Егер мейрамханаларда және басқа да мекемелерде ұжымдық іс-шаралар өткізілсе, ол нысанның жұмыс істеуіне тыйым салынады. Сонымен қатар, 4 шілдеден бастап «Ashyq» жобасы бойынша жұмыс істейтін тамақтану орындарының уақыты кешкі онға дейін ал сырттағы тамақтану орындарының жұмыс уақыты түнгі 12-ге дейін дейін қысқарады. Сондай-ақ, жексенбі күндері қоғамдық көлік жүрмейді. «Ashyq» жобасын қолданбайтын мекемелердің жұмысына шектеу қойылады.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу