«Abai TV» телеарнасына 1 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Abai TV» телеарнасына 1 жыл толды

30.06.2021

Ақпарат кеңістігіне «Ақыл - ойдың айнасы»деген ұранмен жол тартқан «Abai» телеарнасына 1 жыл толды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін арна қысқа мерзімде 2 мың эпизодтан тұратын хабар дайындады. Алтын қордың 50-ден астам материалын қайта өңдеді. Шығармашылық ұжым бағындырған белестер мұнымен шектелмейді. Тілшіміз тарқатады.

Тәулігіне 17 сағат хабар тарататын телеарна пандемия жағдайында құрылған еді. Шектеулер кезінде оның аяғынан тұрып кететіне күдікпен қарағандар болды, әрине. Бірақ жаңа арна ақпараттық кеңістікте өзінің лайықты орнын алды. Өткен жылы шығармашылық ұжым 40 төл тележоба дайындаса, биыл олардың саны 42-ге жетті. Тынымсыз еңбек табысқа жетеледі. Қазір ерекше болмыс пен қазақы қалып, ұлттық нақыш пен игі дәстүр әр үйдің төрінде.

Азамат Кеңесұлы, «Abai TV» телеарнасының директоры:
Өзіміз дайындайтын хабарлардың үлес салмағы 5-ақ пайыз болған. Қазір 80 пайызға жуықтап қалды. Бұл таза өзіміз өндіретін хабарлар. Тәжірибеде 1 жыл дайындыққа кетуші еді. Бірақ біз сол 1 жылда телеарнаның контентін жасап, белгілі бір деңгейге көтерілдік. 

Арна қазақтың бас ақыны Абайдың 175 жылдығына орайластырылып ашылғандықтан, хәкімнің мұрасы мен шығармашылығы белсенді насихатталып келеді. Мәдениет пен әдебиет, музыка саласы тереңінен қамтылды. Әлемнің ең үздік 150-ден астам деректі және көркем фильмі аударылды.

Сәуле Алдамұратқызы, «Abai TV» телеарнасының продюсер-редакторы:
800-дей тұлғаны бағдарламаға қатыстырыппыз.  Режиссура жағынан болсын, редактура жағынан болсын, видеоның сапасы жағынан болсын біз көркемдік жағына үлкен мән бердік.

Кино және театр саласындағы трендтер мен отандық мамандардың жетістіктері тұрақты көрсетілді. Әлемге әйгілі өнер ошақтары мен олардың шығармашылығы туралы фильмдер қазақшаға аударылды. Көрермен жаһанға мәлім концерттік бағдарламаларды көруге мүмкіндік алды.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:
Жақсы қалыптастық. Өзіндік форматы бар, өзіндік стилі бар, өзінің көрермендері бар. Атқарылған шаруа өте көп. Бірақ мұнымен тоқталуға болмайды. Алда әлі көп-көп тындырар шаруа бар.

Тәуелсіздіктің 30 жылында отандық мәдениет жаңа келбетке ие болды. Сала жас есімдермен толықты. Арна енді оларды көрерменмен жақын таныстыруды көздеп отыр. Өнер кеніші – ел ішін аралау жоспарда бар. Демек, «Abai» арнасы жаңа асуларды бағындыруда шет қалмайды. Ал бүгінгі жетістік - біліктілік пен ерік-жігердің үйлесімділігі болса керек.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу