«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жанынан «Abai tv» арнасы ашылды

30.06.2020

Отандық медиа кеңістікте ғаламдық мәдениет пен өнерді тоғыстырған жаңа арна ашылды. Abai tv. Ұлы ақынның атын иемденген телевизия – руханияттың қайнар көзіне айналмақ. Мұнда шенеуніктердің кесім-шешімдері емес, керісінше тарихи тұлғалардың кесек сөздері, келелі ойлары көрініс табады. Абай арнасы – ақыл-ойдың айнасына айналу мұратын ұстанып отыр.   

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы қоғамдық сананы түлетуге телеарна түрткі болмақ. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ақынның мұрасы — бүкіл адамзат баласының рухани азығы»,- делінген.

Арнаның ашылуы – Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған тарту. Сосын індеттен көңілі құлазып жүрген көрерменге де демеу. Өйткені, арнадан қара сөзге қанығатын, таным көкжиегін кеңітетін хабарлар, ұлттық өнердің шебер туындылары мен ұлы дала әуендері үзілмек емес. Тиісінше, журналистерге артылатын жүк те ауыр.

Abai tv «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы жанынан ашылып отыр. Арна ақынның бағытын бағдар қып алды. Данышпанның толық адам тұжырымдамасын іске асыратын тәрбие әрі идеология құралына айналмақ. Бүгінде «Абай жолын бірге оқиық», «Сарасөз» бағдарламалары жарыққа шықты. Әлі де талай ағартушылық дүние қалың көрерменге жол тартады.

Abai tv  телеарнасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылды. Тәулігіне 17 сағат эфирге шығып, 80 пайыз қазақ, 20 пайыз орыс тілінде хабар таратады.

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу