Алматыда «Дельта» штамын жұқтырғандар саны 46 адамға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Дельта» штамын жұқтырғандар саны 46 адамға жетті

28.06.2021

Алматыда қауіпті індеттің төртінші толқыны басталуы мүмкін. Себебі, коронавирустың «Дельта»  штамын жұқтырғандар саны артты. Осыған орай қаладағы көпшілік жиналатын орындарға қатысты қатаң шектеу шаралары енгізілді. Мегаполистегі ахуал туралы толығырақ Нұрхан Нұрланұлы тікелей эфирде айтуға дайын. 

 Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Қалада коронавирустың үнді штамын жұқтырғандар саны 46-ға жетті. Мегаполистің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осы жағдайларға байланысты төртінші толқын қаупі төніп тұрғанын айтып, көпшілікті екпе алуға, карантин талаптарын сақтауға шақырып отыр. Себебі, Алматы бұған дейін жасыл аймаққа өткенде вирус жұқтыру көрсеткіші 100-ге дейін азайған. Алайда мутацияланған штамдар тез таралып, соның салдарынан ауру күрт өсті. Соңғы тәулікте 215 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. 186 науқаста ауру белгілері бар.
Жандарбек Бекшин, Қаланың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері:
Вирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты біз мутацияланған штамдарға зерттеу жүргіздік. Індетке шалдыққан науқастардан алынған 131 сынаманың 77-сінен британдық штамм, 46-сынан үнді штамы, екі оңтүстік африка және бір нью-йорк штамы тіркелді. Ауру көрсеткішінің көбеюі тікелей дельта штамына байланысты.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Жағдайдың ушығуына байланысты бүгіннен бастап Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысы күшіне енді. Бұдан былай қоғамдық тамақтану орындары таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ғана, ал Ashyq жүйесіне өткендер түнгі 02:00-ге дейін жұмыс істейді. Бірақ орындар саны 50-ден аспауы тиіс. Сондай-ақ, Ashyq қосымшасы болмаса, банкет залдарының қызметіне де тыйым салынады. Егер талапқа сай болса, түнгі 2-ге дейін рұқсат, бірақ 30 адамнан артық жиналуға болмайды. Бұдан бөлек, Ashyq жүйесіне өтпеген СПА орталықтар, бассейндер тек жұмыс күндері адам қабылдайды. Ал кинотеатрлар мен театрлар, бильярд және компьютер клубтары Ashyq-сыз жұмыс істемеуі керек.

 Нұрхан Нұрланұлы 

Хабарламаларға жазылу