Жерімізде 2 млрд көшет отырғызу жоспары бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жерімізде 2 млрд көшет отырғызу жоспары бар

20.06.2021

17 маусым – Дүниежүзілік шөл және қуаңшылықпен күрес күні. Құрлықтың төрттен бірін құм басу қаупі бар. Бұл экологиялық, экономикалық, әлеуметтік проблемаларды тереңдетіп, миллиондаған тіршілік иесін жоқ қылып жіберетін қауіп. Және ең жаманы - біздің ел үшін өте маңызды мәселе. Жеріміздің 60 проценті шөл және шөлейтті. Әсіресе Қызылорда, Маңғыстау облыстары және Алматы облысының кейбір аудандары.

2013 жылы БҰҰ Даму бағдарламасы Ғаламдық экологиялық қордың қолдауымен Қазақстанда шөлмен күресуге бағытталған бастама көтерді. Негізгі міндетті бірі – тораңғы ағашын жаңғырту. Себебі тораңғы құм басу процесін тоқтата алады, қатаң климатқа шыдамды. Осының арқасында Алматы облысы Балқаш ауданында тораңғы тоғайлары өсіп келеді.

Ал енді мынадай көрініс: Түркістанның маңын жасыл-желекке бөлеу жоспарының нәтижесі – алдымен бәрін жақсылап есептеп алмаудың неге апаратынын ап-анық көрсетеді. Және көзбояушылықты. Бір себебі – қатаң климатқа шыдамайтын, жерсінбейтін ағаштар да отырғызылған. Айтып отырған тораңғыны неге екпеген. Естімеген де болса, таңғалмаймыз.

Үшқайық елді мекенінің тұрғыны Қалкөз Ақылбеков: екті де кетті, күтіп-баптаған бағбан көрмедік деп күйінеді. Ал «еккен де кеткен» кәсіпорынның бір басшысы Сағит Керімқұлов 48 мың теңгеге, күйіп тұрған күннің астында жұмыс істейтін адам таппаймыз деп шынын айтады.

Жерімізде 2 млрд көшет отырғызу жоспары бар. Соның қанша пайызы көктемей солар екен... Түркістан облысынан Айнұр Ақбаеваның репортажы.


Хабарламаларға жазылу