Қарағандыда болған ұшақ апатының себебі анықталып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда болған ұшақ апатының себебі анықталып жатыр

22.04.2019

Қарағандыда болған ұшақ апатына байланысты арнайы комиссия құрылып, тергеу жұмыстары басталды. Әзірге апаттың себебі анықталуда. Қазір оқиғаға қатысты ҚР Инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті тарапынан құрылған мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. Әуе кемесі қала маңындағы шағын авиация орталығына тиесілі. Апат кезінде екі адам мерт болды.

Руслан Нұрланұлы, тілші: 

- FK14 Polaris жеңіл авиацияның әуе кемесі Қарағандыдан 15 шақырым қашықтықта дәл осы жерде құлаған. Апат кезінде ұшақта екі адам болған. Оның бірі - 1967 жылғы нұсқаушы, ал екіншісі - небәрі 29 жастағы ұшқыш. Екеуі де мерт болды.

Нұсқаушы Юрий Артемов 30 жылдық еңбек өтілі бар отставкадағы әскери ұшқыш. «Балапан» аталатын авиациялық орталыққа дейін ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдер мен жаттығу орталықтарында қызмет еткен. Станислав Федотов қаза болған Юрий Артемовпен 10 жыл бірге жұмыс істеген. Кейін зейнетке шыққан соң да, байланысын үзбеген.

Станислав Федотов, қала тұрғыны:

- Мен бұл ұшақта ұшып көрдім. Салмағы өте жеңіл, жылдамдығы да жоғары емес, басқару өте оңай. Қозғалтқышы істен шыққанда, өздігінен қона алады. Сондықтан тәжірибелі ұшқышқа бұл ұшақты басқару қиынға соқпаса керек. Ал, апатқа түрлі себептер болуы мүмкін. Оны енді мамандар анықтайды.

Ал экипаж мүшелерінің екіншісі - жеке ұшақтың ұшқышы, 1990 жылғы Мереке Әукешов. Оның артында жары, екі баласы қалды.

Рымбек Боранбаев, Мереке Әукешовтың әріптесі:

- Бес жыл бізде еңбек етті. Өте бір тиянақты, жауапкершілігі мол, мықты бала болатын. Атына заты сай болатын.

Апатқа ұшыраған FK14 Polaris жеңіл авиация кемесі Бұқар жырау ауданынан қарасты Үштөбе ауылының маңындағы авиациялық орталыққа тиесілі. 21 сәуір күні сағат 16:30-дар шамасында қону аймағына бет алған ұшақ кенеттен қас-қағым сәтте құлаған. Қазір апаттың не себептен болғаны анықталып жатыр. Оқиғаға қатысты тиісті орган өкілдері мен Азаматтық авиация комитеті тарапынан құрылған мемлекеттік комиссия тексеріс жүргізуде.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Оқиға орнында мемлекеттік комиссия тексеріс жүргізіп жатыр. Апаттың себептері жөнінде хабарлайтын боламыз. Айта кеткім келеді, өткен жылы азаматтық авиация ұшақтарына қатысты мұндай бірде-бір жағдай тіркелген жоқ. Ал, биылдыққа бұл бірінші жағдай тіркеліп отыр.

«Балапан» жазғы авиациялық жаттығу орталығының мамандары қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. 2012 жылы ауыл шаруашылығы ұшақтарын пилоттармен қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. Мұнда қазір 25 адам жұмыс істейді. Олардың басым дені отставкадағы әскери ұшқыштар. Ал, қаза тапқан азаматтардың денесі ертең жер қойнына тапсырылады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу