Шереметьево әуежайындағы ұшақ апатының себебі әлі анықталмады

08.05.2019

Кейбір мәліметтер бойынша, қайғылы оқиғаға ұшқыштардың қателігі немесе Sukhoi Superjet 100 маркалы лайнердегі техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Алайда оның анық-қанығын мамандар тек тергеу аяқталған соң ғана айтады.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Ресейдің Тергеу комитеті мен мемлекетаралық авиациялық комитетінің бірлескен тобы ұшып-қону алаңындағы өртенген ұшақтың барлық бөліктерін жинап болды. Енді оның әрқайсысы мұқият зерттеледі. Әзірге апаттың нақты себебі айтылған жоқ. Дегенмен, кеше ұшқыш пен диспетчердің арасында болған әңгіме жарияланды. Соған сәйкес, ұшаққа көкте найзағай түсіп, радиобайланыс және автоматты басқару жүйесі істемей қалған. Бірақ бұл жағдай ұшақтың қалыпты жағдайда қонуына еш кедергі болмаса да, лайнер жерге келіп қатты қонғандықтан, бірден отқа оранған. Сондықтан апаттың себебі ұшақтағы техникалық ақаудан немесе оны басқарған ұшқыштың кінәсінен болуы мүмкін. Алайда бұл бар болғаны болжам ғана. Ал тергеу әлі аяқталған жоқ. 

Светлана Петренко, РФ Тергеу комитетінің ресми өкілі:

- Қазір «қара жәшіктің» жазбасы тексеріліп жатыр. Ондағы мәліметтерді бейнебақылау камераларымен, ұшқыштардың аудиоға жазылған сөздерімен және тірі қалған жолаушылардың түсініктемелерімен салыстыра отырып, апаттың нақты себебін анықтаймыз. 

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Бүгін Шереметьево әуежайынан дәл осы Sukhoi Superjet 100 маркалы тағы бір ұшақ кешігіп ұшты. Себебі жолаушыларды отырғызу аяқталған соң салоннан қоңырсыған иіс шығып, жұрт жаппай үрейленген. Ақыры мамандар адамдарды қайта түсіріп, лайнерді түгел тексеріп шыққан. Абырой болғанда, ешбір ақау табылмай, Рига қаласына беттеген рейс 2,5 сағаттан соң көкке көтерілді. Ал, жалпы алғанда Шереметьево әуежайы қазір қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

Хабарламаларға жазылу