Құс тұмауына байланысты елді мекендерде сақтық шаралары күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құс тұмауына байланысты елді мекендерде сақтық шаралары күшейеді

25.09.2020

Елімізде құс тұмауы өршіп барады. Күн сайын кеселдің жаңа ошақтары анықталып, індет шыққан елді мекендерде қанаттылар әлі қырылып жатыр. Мамандар сау құстарға екпе салып, өлгенін өртеп, олардың орнын залалсыздандыру үстінде. Қостанай облысында індеттің жаңа ошағы анықталған жоқ. Әйтсе де өлім-жітім азаймай тұр. Құс тұмауы шыққан үш ауыл және Арқалық құс фабрикасы карантинге жабылды. 

Бауыржан Бекет, «Облыстық ветеринария басқармасы» ММ басшысының орынбасары: 

- Карантин жағдайында онда адамдар жұмыс істей береді. Бірақ өлген құстардың өлекселері жиналып өртелді. Орындары дезинфекцияланады. Олардың өнімдерін саудаға шығаруға тиым салынады.  

Бұған дейін ветеринар мамандар үш ауылда 300-ден астам құс қырылғанын айтқан еді. Тұрғындар шығын көлемі ресми деректен әлдеқайда көп дейді. 

Зухра Русельбаева, Красная Пресня ауылының тұрғыны:

- 420 үйрек, 380 қаз, 47 тауық, 28 күркетауық өлді. Олардың барлығы асыл тұқымды құстар. Бәрін санағанда - 1298. Вакцинация кешеден бастап жүріп жатыр. 

Ал Ақмола облысының тағы 5 ауданында құс тұмауы анықталды. Аймақта барлығы бір мыңнан астам үй құсы өлген. Індетке тосқауыл қою үшін вакцинациялау жүріп жатыр. Екі ауданда карантин жарияланды. Басқа елді мекендерде сақтық күшейеді.   

Сәкен Мұқажанов, Аймақтық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының бөлім басшысы: 

- Аудандарда әкімдерге ұсыныс берілді. Осы ұсыныстар бойынша әкімдер шешім шығарады.

Павлодар облысында індет ошағы 4 ауылда тіркелді. 3000-нан аса құс қырылған. Қазір Ресеймен шекаралас жатқан 6 ауданда құстарға екпе салынып жатыр. Солтүстік Қазақстанда 8 аудандағы 18 елді мекен карантинге жабылды. Тағы 13 ауылда өлген құстардың өлекселері тексеріліп жатыр. Ауру анықталса, карантинге жабылуы мүмкін. Жалпы, өңірдегі 11 ауданның 39 елді мекенінде 150 мыңнан астам құс өлген. 

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу