Жыл басынан бері құрылыс материалдары 16%-ға қымбаттаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері құрылыс материалдары 16%-ға қымбаттаған

10.06.2021

Жыл басынан бері құрылыс материалдары да шамамен 16 пайызға қымбаттап кетті. Әсіресе, цемент, кірпіш, бетонның бағасы айтарлықтай өскен. Оған не себеп? Мәселе бүгін Үкіметте талқыланды? Бағаны тұрақтандыру үшін жауаптылар не істемек? 

Құрылыс материалдарының құны биыл айтарлықтай аспандап кеткен. Бағаның дәл бұлайша құбылуы бұрын байқалмайтын,- дейді көпшілік.

Ресми мәлімет бойынша бетон 12 пайызға, цемент 5, полиэтилен құбырлары 10 пайызға өскен. Ал, силикат кірпіштер құны 6 пайызға артқан.

Серік Жұманғарин,  ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы: 
Көтерілудің негізгі себептері электр энергиясының, магистральдық темір жол желісі мен жанар-жағар ма материалдары қызметінің қымбаттауы болған.  Агенттік жүргізген баға мониторингіне сәйкес зауыттан тұтынушыға дейін цемент құнының өсуі 20 пайызды құрайды.

Бағаның шарықтауына алып сатарлардың да қатысы бар,-дейді жауаптылар. Яғни ортада жүріп пайда табатындар ойына келген бағаны қояды. Әсіресе, арматура, шыны сияқты шет елден келетін тауарлар құны осының әсерінен қымбаттап тұр.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: 
Арматура өндірісінің  нарықтағы металл сынықтарының тапшылығына байланысты зауыттар іс жүзінде 60 пайызға қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда отандық арматура сұранысын қамтитын 3 зауыт салынып жатыр.

Құрылыс материалдарының қымбаттауы тұрғын үй бағасының өсуіне де мықтап әсер етіп отыр. Мысалы, биыл бастапқы тұрғын үй 8 пайызға, екінші нарықтағы үй 13 пайызға қымбаттаған. Сондықтан, Үкімет басшысы министрлерге әкімдермен бірлесіп, өнімді жеткізушілерді қатаң бақылауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс материалдарына баға белгілеу мәселесін қарастыру қажеттігін айтты.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу