Ақмола облысы Аршалы ауданының тұрғындары пайға берілген жерден пайда жоқ,-дейді. Айтуларынша, жердің қызығын өзгелер көріп келеді. Өйткені, бұл азаматтар кезінде агроферма құрамына кірген. Бірақ, ол компания жер иесіне берілетін үлеспұлды 13 жылдан бері өсірмеген. Соған наразы жұрт қазір жерін қайтара алмай отыр. Оған не себеп? Тілшіміз тарқатсын.
Жібек жолы, Жалтыркөл, Түрген ауылдарының тұрғындары 1997-жылы пай алған. Әр азаматта орташа есеппен 20-40 гектар жері бар. 2005 жылы заң өзгеріп, пай иелері серіктестікке қосылуға міндеттеледі. Ақыры тұрғындар мал өсіретін Агрофирма Поиск құрамына кірген. Ферма заң бойынша оларға үлеспұл төлеуге, оны жыл сайын өсіруге тиіс.
Қадырбек Қаңтарбаев, пай иесі:Содан бері бізге беретіні 12600 теңге. Жылына береді.
Сейітжан Жомартов,пай иесі:Баға өсіп жатыр бидайға бәріне. Ал бізде мынау төлемақы солай. Оның өзінде оны ақшалай бермейді, өздерінің жекеменшік дүкендерінен үш есе қымбат қып береді.
Осындай пай иелері 1200-ден асады. Олардың жалпы жері 24 мың гектар. Биыл кейбірі ферма құрамынан шығып, жерді өздері игергісі келген. Бірақ, ол да мүмкін емес. Өйткені, ферма жерді олардың келісімінсіз кепілге қойып, несие алған.
Юлия Бротт, пай иесі:Жеріміз 13 жылдан бері кепілде тұр екен. Біз оны білген жоқпыз. 2 миллиард 200 миллион теңге алған. Бірақ, ақша қайда, қалай жұмсалды, есеп жоқ. Негізі, ферманың капиталы 600 мың теңге ғана. Қалғанының бәрі біздің жер. Бірақ, олар соны қалауынша пайдаланып келеді.
Тұрғындар сауалына жауап алу үшін ферма басшысын іздеп кеңсеге келдік. Бірақ таппадық. Телефон арқылы заңгері ғана жауап беретінін айтты. Ал, зеңгер бәрі заңға сай,-деуден аспады.
Александр Казаков, Агрофирма поиск ЖШС заңгері:Заң бойынша жиналыс өтті. Келген азаматтар келісім берді. Ол бойынша протокол толтырдық. Банк талап еткен құжаттардың бәрі бар.
Ал, тұрғындар осы құжаттардың көбі «қолдан жасалған» дейді. Тіпті, пай иелерінің атынан банкке тапсырылған сенімхат пен жиналыс өткені туралы хабарлама жарияланған газеттің жалған екенін анықтаған.
Марина Воеводина, пай иесі, заңгер:Агрофирма бізбен жарғы капиталындағы үлес туралы келісім жасаған жоқ. Олар 24 мың гектар жерді кезінде небәрі 100 мың теңгеге бағалаған. Сонда Қазақстанда бір гектар егістік жер 2 теңге 85 тиын бола ма? Ал, жердің кадастрлік құжаттарында шын бағасы 405 миллион теңге деп көрсетілген. Яғни, ферма қаншама құжаттарды жалған әзірлеген.
Тұрғындар мәселенің ақ-қарасын анықтауды сұрап, аудандық полиция бөлімі мен прокуратураға 2 ай бұрын шағымданған. Құзырлы органдар біздің сауалға жазбаша ғана жауап қайтарып, тергеу басталғанын, құжаттар әлі тексеріліп жатқанын айтты. Ал, халық мәселе оң шешілмесе жерімізден айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр.
Амангелді Сейітхан