Ақтөбе мен Павлодарда картоп пен сәбіздің келісі 450-500 теңгеге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе мен Павлодарда картоп пен сәбіздің келісі 450-500 теңгеге жетті

08.06.2021

Қымбатшылық қысып барады! Еліміздің кей аймақтарында көкөніс бағасы шарықтап кетті. Мәселен, Ақтөбе мен Павлодарда картоп пен сәбіздің келісі 450-500 теңгеге дейін барады. Еліміздегі ең арзан баға қай өңірде? Бағаның өсуіне не себеп? Жақсыбек Кемал баяндасын.

Еліміз бойынша көкөністің ең арзаны Таразда. Мұндағы сауда орындарында пияздың құны - 76 теңге. Ал, картоп 136 теңгеге сатылып жатыр. Тұрақтандыру қорында да өнім жеткілікті.

Тараздағыдай арзан өнімді Павлодарды он айналсаңыз да таба алмайсыз. Картоптың келісі - 450 теңге. Қызылша мен сәбіздің де бағасы сол шамада. Соңғы күндері аймаққа түстіктен ерте пісетін көкөніс түрлері келуде. Жабық базарларда олардың бағасы шарықтап тұр. Даладағы сауда орындарында ғана біршама арзан.

Сәния Сәрібаева, сатушы: 
Қиярдың бағасы бұл жерде 200, басқа жерде 300-ге дейін барады. Картоп 450-500 дейін барса, бізде міне 300-320 теңге. Өзіміздік болғаны үшін барлық нәрсе арзан. Себебі, бұның бәрі өзіміздің ауылдан келеді. 

Ақтөбеде де соңғы күндері көкөніс қымбаттап кетті. Супермаркеттер мен базарларда картоп 350 мен 500 теңгенің аралығында сатылып жатыр. Сәбіздің де құны шарықтаған. Облыс орталығындағы коммуналдық сауда орталығының өзінен арзан көкөніс таппайсыз.

Жаңыл Бейсенова, зейнеткер: 
Бұрында 160-170 теңгеге алатын едік. Қазір 350 дегені несі. Пенсиямызбен картоп пен жуадан басқа неге жетеді? Балдарымызға жете ме, киімге жете ме, білмеймін.

Ал, кәсіпкерлер Ақтөбеге оңтүстіктен күніне көкөніс тиеген бір жүк көлігі ғана келіп жатқанын айтады. Ол барлық сауда орындарына жетпейді. Бағаның шарықтап кетуі содан. Базарлардың басшылығы бағаны түсіруге өздерінше әрекет жасап жатыр.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жанар-жағармайдың қымбаттауы да картоп құнына әсер етіп отыр. Ал, тұрақтандыру қорындағы өнім наурыз айында таусылған. Картоп бағасы енді елдің оңтүстігінен көптеп өнім әкелінген соң ғана түсуі мүмкін.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу