Шымкентте дауылдың салдарынан бірнеше нысан бүлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте дауылдың салдарынан бірнеше нысан бүлінді

07.06.2021

Шымкент қаласында қатты желден ондаған нысан бүлінді. Бірнеше аудан тұтасымен жарықсыз қалды. Қазір қираған ғимараттарды жөндеп, қалпына келтіріп жатыр. 5 мыңға тарта абонент электр жүйесіне қайта қосылғанымен жарықсыз отырғандары әлі бар.

Бар болғаны 11 минут қана соққан дауыл шаһардың астан кестеңін шығарды. Желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетті. Жел топырақты тозаңды аспанға көтеріп, қаланы ақтүтек шаң басты. Көшедегі ағаштар желдің екпініне шыдамай құлап, көлеңкесінде тұраған 8 автокөлікті басып қалды. Дауыл тұрғын үйлердің сыртқы қапталамаларын да бүлдірді. Бір коммерциялық нысанның және 12 тұрғын үйдің шатырын жұлып әкетті. Оның 8-і көпқабатты баспаналар. Қазіргі есеп бойынша шатрсыз қалған аумақ 600 шаршы метрге жуық.

Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
Жел салдарынан Шымкент қаласында адам қайтыс болу немесе зардап шеккендер тіркелген жоқ.

Дауылдың салдарынан 17 шағын ауданда жарық сөніп қалды. Көп жерде электр желілерін құлаған ағаштар басып қалса, енді бірінде жоғары кернеулі сымдар айқасқан.

Оңтүстік жарық Транзит мекемесінің бригадалары түннен бері бүлінген желілерді жөндеп жатыр. Жарықсыз қалған шағын аудандардың барлығы дерлік электр жүйесіне қайта қосылды.

Есбол Уликов, Шымкент қаласы Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
 Қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр. Бүгін кешке дейін толық бітіп қалуымыз керек.

Табиғаттың Шымкентте осылай тосын мінез танытуы биыл жиілеп кетті. Осыдан бес күн бұрын да секундына 26 метр жылдамдықпен соққан дауылды жел 10 ғимараттың шатырын аударып тастады. Желдің екпінімен ұшқан қаңылтыр 12 жасар баланың денесін кесіп өтіп, жеткіншекке операция жасалған еді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу