Ақмола облысында қатты дауылдан 150-ге жуық нысан жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында қатты дауылдан 150-ге жуық нысан жарықсыз қалды

26.07.2021

Ақмола облысында дүлей дауыл соғып, Степногорск қаласы маңындағы Изобильное ауылындағы тұрғын үйлердің шатырларын ұшырып әкетті. Қатты жел ауылды астан-кестең етті.

Ермек Елберген, тілші:
30-дан астам үйдің шатыры бүлінді. Дауылдан жергілікті Мәдениет үйі мен жылу қазандығы ғимараттары да зақымданған. Сондай-ақ, 17 электр энергия бағаны мен трансформатор құлап қалған. Салдарынан 150-ге жуық нысан жарықсыз қалды. Қазіргі уақытта электр желілерін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Алайда мамандар ауылға жарықтың қашан берілетінін нақты айта алмай отыр. Ағаштар құлап,қоршаулар қираған. Көліктерге де зақым келген. Осыған орай арнайы комиссия құрылды. Алдымен шығын көлемі есептелмек.

Қанат Доспаев, Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
Степногорск қаласы әкімдігі комиссия отырысын өткізу жоспарлауда. Мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Шығын толық есептеледі. Содан кейін ғана тұрғындарға материалдық көмек көрсету шешіледі.

Ермек Елберген, тілші:
Қазір Изобильное ауылында жарық та, байланыс та жоқ. Көрші Бестөбе ауылында да бірнеше үйдің шатыры ұшып кеткен. Кеше кешкісін соққан жойқын желдің жылдамдығы секундына 25-30 метр болыпты. Шығынды есептеуге бірнеше күн қажет дейді мамандар


Хабарламаларға жазылу