Түркістан облысының Өзбекстанмен шекаралас орналасқан Ынтымақ ауылына су аптасына бір-ақ рет беріледі. Оның өзінде аптап ыстықта аңқасы кепкен жұрт суды мөлшермен ғана алады. Яғни, әр отбасына 40 лтрден аспауы тиіс. Жұрт арықтан да су іше алмайды. Себебі, көрші елге қарасты канал жылдар бойы тазаланбағандықтан су келмей, мал-жан әбден тарыққан.
Бақытгүл Ақбетова әкімдік таратқан суды бір аптаға жеткізу үшін үнемдеп жұмсайды. Себебі, жоқ болса сатып алуға тура келеді. Онда да көлігі барлар жеткізіп берсе жақсы.
Бақытгүл Ақпенбетова, Ынтымақ ауылының тұрғыны:
Әкімшілігіміз бір аптада 40 литр су береді. Ал, одан басқасын 4 теңгеден сатып аламыз. Машинасы жоқтар мына ауылдан өздері тасып ішеді.
500-ге тарта түтіні бар ауылдың дені көпбалалы отбасылар болғандықтан қырық литр су бір апта түгілі, үш күнге де жетпей қалады. Сондықтан суды сатып ішуге тура келеді. Күн көріп отырған арық та қазір қаңсып жатыр. Ауылдан өтетін жалғыз канал Өзбекстанға тиесілі. 20 шақырымдайы Қазақстанның аумағында қалып кеткендіктен, жылдар бойы жөндеу көрмеді. Соның кесірінен ағын су да тоқтап қалды.
Әбдіәкім Аманов, Ынтымақ ауылының тұрғыны:
Осы арықтан су ішіп, арықтан күн көретін ек. Бірақ бұл арық өлді. Су болмағаннан кейін құрттап кетеді, басқа болады. Адамдар іше алмай қалды. Осыны бүкіл совхоз тасып ішетін еді, оған да зар болып қалдық қой.
Судан тарыққан жұрт ауылдан көше бастаған. Себебі егістік жерімен ғана күнелтіп келген тұрғындар тұрақты табыстан айырылған. Мәселен былтыр Өзбекстаннан көшіп келген отыз үй басқа жаққа көшіп кетіпті.
Рақым Ыстыбаев, Ынтымақ ауылының тұрғыны:
Су Өзбекстаннан келеді екен. Өзбекстанға барса бізде де су жоқ дейді, жібермейді. Менің жерім сол күйі жатыр. 10 гектар жерім бос жатыр.
Ынтымаққа ауыз су жеткізу үшін 940 млн теңге қажет. Жауаптылар жұмыс жуық арада басталады деп сендірді.
Бақытжан Шырынбеков, Келес аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Ол жерде 2017-де ғана судың көзі анықталды. Ол жерге жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Маусым айында құрылыс монтаждау жұмыстарын бастайды.
Ал, ауылдан өтетін Солтүстік Ташкент каналын жөндеуге қаражат бөлінбейді дейді мамандар. Себебі көрші елге тиесілі нысанды ретке келтіру сол мемлекеттің еншісінде көрінеді.
Айнұр Ақбаева