Мемлекет басшысы Армения Президенті Армен Саркисянмен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Армения Президенті Армен Саркисянмен кездесті

03.06.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Армения Президенті Армен Саркисянмен кездесті. Келіссөз барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың келешегі талқыланды.

Тараптар қазақ-армян ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі. Сондықтан екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың көкжиегі келешекте қазіргіден де кеңейіп, байланыс бекем бола түспек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Армения – бізге достас мемлекет. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар ежелден келе жатқан дәстүрлерге негізделеді. Әрине, біз ықпалдастығымыздың жаңа мазмұнмен толыға отырып дамуына мүдделіміз. Сондықтан елдеріміздің үкіметтері мен нақты салалық ведомстволары осы мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр.

Қасым-жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ, ТМД, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды халықаралық құрылымдар шеңберінде Армениямен ынтымақтың жақсы қарқынмен жалғаса беретініне сенім білдірді. Ал түрлі сала бойынша қатынасты нығайту үшін екі жақтың да әлеуеті мол. Армен Саркисян Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге мүмкіндік жасағаны үшін Президентке алғыс айтты.

Армен Саркисян, Армения Республикасының Президенті: 
Мен үшін Қазақстанға келу – белгілі бір мағынада өз үйіме, достарыма келгенмен бірдей. Өзіңіз айтқандай, біздің халықтарымыз арасындағы қарым-қатынастар өте жақсы және оның тарихи тамыры тереңде жатыр.

Елорда мен Ереван арасындағы байланыс алдағы кезде одан әрі кеңейе түседі. Армения сауда, білім беру, жаңа технологиялар, азық түлікті қайта өңдеу бойынша тиімді шарттарға назар аударып, ынтымақтастықтың мазмұнын нығайтуға ниетті.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу