Шығыс Қазақстанның Тарбатағай ауданында бірнеше ауыл қуаңшылықтан зардап шегіп отыр. Оған себеп - егін алқаптарын сумен қамтып келген су тоспасын жөндеу жұмыстарының аяқталмай қалуы. Салдарынан өткен жылдары жем-шөп тапшы болып, халықтың малы қырылған. Егін алқаптары қазір де кеуіп бос жатыр.
Ержан Жақып, тілші:
Бұрындары бірнеше ауылдардың егін алқаптарын сумен қамтамасыз етіп отырған бөгеттің қазіргі жағдай осы. Мұнда қыруар қаржы бөлініп қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Бірақ аяқсыз қалған. Нәтижесінде егіншілер қуаңшылықтан зардап шегіп отыр.
Ақсуат, Екпін, Қарғыба ауылдарының диқандары суды күткелі 6 жылдан асқан. Соңғы кезде жағдайы тіпті қиындаған. Өйткені, жем-шөптің бағасы екі есеге дейін қымбаттап кеткен. Дәнді-дақыл мен көкөніс егуді мүлдем қойдық, деп отыр шаруалар.
Жайдар Башықұлы, шаруа:
Шөп тапшы болды да, мал арық-тұрақтан өлу көп болды. Екінің бірі жерді айтады. Жоңышқа саламыз-дейді. Бірақ су жоқ. Картошка еккен, шемішке, кукуруз еккендер болатын бұр. Оның бәрі қалды міне.
Өзбек Мақсат, шаруа:
Жылда қараймыз. Жылда жазғытұрым келеміз. «Ойбай, су болады»-дейді. Қуанып қаламыз. Содан қайтамыз жоқ болып. Биыл қаншама сиыр, малдары ауылдың көтерем болып өліп жатыр. Ешкім есеп беріп отырған жоқ.
Қарғыба су тоспасын жөндеу үшін 407 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. 2016 жылы жұмыс басталған. Бірақ орта жолдан аяқсыз қалған. Айтуларынша, құрылысқа қосымша қаржы қажет.
Қайрат Мауадинов, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:
Мемлекеттік аудит келіп, жаңағы атқарылған жұмыстардың бәрін қарап,жетпйетін сомманы республикалық бюджетке ұсыну керек болатын. Әзірге жауап жоқ. Яғни мемлекеттік аудит келмей отыр.
Диқандардың көбінің биыл егеміз деп алған тұқымы қорада құр шіріп қалған. Су тоспасының жөнделуін тоса шаршаған жұрт, біртіндеп мал басын азайтып сатуға көшкен.
Ержан Жақып