Ұлттық арна жүргізушілері өнер мұражайындағы бірқатар құнды жәдігерлердің тарихын дыбыстап шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна жүргізушілері өнер мұражайындағы бірқатар құнды жәдігерлердің тарихын дыбыстап шықты

01.06.2021

Алматыда көзі көрмейтін зағип жандардың да музей аралап, жәдігерлер туралы ақпарат алуына жол ашылды. Ол үшін экспонаттардың ауызша сипаттамасы, яғни, аудиодискрипциясы қолданылады. Алғашқы жоба Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде жүзеге асты. Балалар мерекесіне орай өткізілген шарада келушілер отандық және әлемдік өнер туындыларын тамашалады.

Бүгін мына балғындар үшін тұтас музей тіл қатып тұрғандай. Танымал қыл қалам шеберлерінің шедеврлары. Бейнелеу өнерінің кіл жаућарлары. Ұлттық киім-кешектер. Балалар отандық және әлемдік мәдениеттің құнды мағлұматтарынан да хабардар болды. Музейге алғаш рет келген Лаура Әбдіғұл ерекше таңдасын жасыра алмады.

 Лаура Әбдіғұл, оқушы:
 Өте ыңғайлы, себебі, сурет немесе адамның түрі болса, бәрін өте қатты сипаттап береді. Образ пайда болады да, сен біле аласың.

«Әлемді ашу» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаның мақсаты - ерекше қажеттілігі бар балалар үшін мәдени ћәм рухани мұраларды қол жетімді ету.

Марат Зәуірбеков, жобаны орындаушы компания өкілі:
 Аудиожазбаларды аудиогид деп аталатын мынадай құрылғыларға жаздық. Екі тілдегі сипаттамалар жазылған: орыс және қазақ тілінде. 55 жәдігердің аудиодискрипциямен қамтамасыз етілген сипаттамасы берілген. 

Бұл экспонаттар географиялық, тарихи және уақыт жағынан әртүрлі етіп таңдалған. Балалар үшін түсінікті әрі қызықты болуы басты назарға алыныпты. Аудиосүйемелдеу әр жәдігердің құндылығын, ерекшелігі мен әдемілігін толық сезінуге мүмкіндік береді.

Гүлнар Жұбаниязова, Ә.Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінің аға ғылыми қызметкері:
Зағип жандардың өнерге деген жақындығы болсын деп, осы әлемнен тыс қалмай, әрбір экспонатты сипаттайтын егжей-тегжейлі жазылған трек. Ары қарай барлық музейлерде экспонаттар аудиозапиське жазылады деген үміттеміз.

Аудиодискрипцияда қолданылған мәтіндерге қатаң талаптар қойылыпты. Бірнеше сараптамадан өткен соң ғана дыбысталған. Бірегей жобаға Ұлттық арнаның тележүргізушілері де ат салысты.

Бірегей бастаманы Қазақстанның түкпір-түкпірінде енгізу жоспарланған. Жоба жүзеге асса, талай зағип жанның ұлттық құндылықтармен танысып, рухани кемелденуіне жол ашылмақ.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу