«Өнер тарихы» атты құнды кітап жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Өнер тарихы» атты құнды кітап жарық көрді

13.08.2019

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  «Өнер тарихы» атты құнды кітап жарық көрді. Эрнст Гомбрихтың бұл еңбегі алғаш рет 1950 жылы шыққан. Сол уақыттан бері әлемдік бестселлерлер қатарындағы өнер тарихына арналған еңбек 16 рет басылған. Сонымен қатар дүние жүзінің 30 тілінде 8 миллион данамен таралған. Енді түпнұсқадан қазақ тіліне аударылған туынды оқырманға жол тартты.

 Ұлттық аударма бюросының мамандары «Өнер тарихы» атты кітапты бір жылдың ішінде аударып, оқырманға ұсынды. Тәржімашылардың бірі — Байтұрсын  Өмірбек. Ол өнер адамы болғандықтан, елеулі еңбекті аудару аса күрделі болмаған. Дегенмен, кейбір терминдерді қазақшалау қиынға түскен.  

Байтұрсын Өмірбек, аудармашы:

Біз оқыған кездерде өнер тарихын тек қана орыс тілінде орыс өнер танушыларының көзқарасымен ғана қарадық және ол кезде Кеңес үкіметінің жалпы идеологиясы арқылы, сонан кейін социалистік реализм деген методология тұрғысынан пайымдайтын едік.

Аудармашылардың сөзінше, өнер — адамзатқа ортақ байлық. Ал автор Эрнст Гомбрих осы еңбегінде өнердің көпшілікке ортақ игілік екендігін жеңіл тілмен жеткізген. Сондықтан кітапты парақтап, парқын түсінген оқырман көп дүниені санасына сіңіріп, көңілге түйеді.

Дәурен Дариябек,  Ұлттық аударма бюросының редакторы:

Бізде мәдениет танушылар үшін көлемді еңбек жоқ етін бұған дейін. Біздің көкжиегімізді әрі қарай бір кеңейткен, біздің мынау жас студенттердің тынысын ашатын еңбек деп санаймын.   

Ілім-білімге ұмтылған жастар үшін үлкен бір жақсы ой салатын еңбек. Мамандар осыны айтты. Себебі автор тасқа басылған байырғы кескіндерден бастап, қазіргі бейнелеу өнерінің тарихына жан-жақты тоқталған. Сондықтан оқушылар мен тәлімгерлер үшін құнды кітап болмақ.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу