Еуропа елдері қалыпты өмірге орала бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдері қалыпты өмірге орала бастады

26.05.2021

«Спутник V» вакцинасын салдыртқан азаматтар Грекияға еш кедергісіз кіре алады. Өткен аптада ресейлік туристерді қабылдай бастаған Грекия үкіметі шетелдік меймандарға осыны қайта-қайта хабарлап жатыр. Ел билігі ПТР мен антиденелерге тест тапсырған шетелдіктерді де қуана қабылдамақ. Қарт құрлықтағы соңғы ахуалды әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, Еуропа елдері шекараларын ашып жатқанына қарағанда эпидахуал тұрақталғаны ма?

Нұрсұлу Қасым тілші:
Иә, Еуропа елдерінде қазір эпидахуал тұрақты. Ауруханаларда ковид жұқтырғандар саны азайған соң, комменданттық сағат, төтенше жағдай алынып тасталып, мейрамханалардың жазғы алаңдары, театрлар, мұражайлар ашылып жатыр. Халықтың қалыпты өмірге оралуына екпе науқанының қарқынды жүргізілуі де септігін тигізді. Бүгінге дейін әр алтыншы еуропалық толықтай вакцина алған. Тіпті, Мальта мемлекеті Еуропада бірінші боп ұжымдық иммунитет қалыптастырды. Ел тұрғындарына енді шілдеден бастап көшеде маскасыз жүруге рұқсат етілмек. Қарт құрлық елдері қазір көшеде үйсіз-күйсіз жүрген, тұрғылықты мекен-жайы жоқ азаматтарға да вакцина салуды бастады.
Әзірге еуропалықтар бір-біріне ПТР тест тапсыру арқылы қатынауда. Одақ елдерінің сандық COVID сертификаты 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сертификат тек екпе салдыртқандарға ғана берілмейді, ПТР тест тапсырғандар, ковидпен ауырып, ағзасында антиденелері бар азаматтар да сертификат алып, еркін саяхаттайтын болады. Еуропалық комиссия Одаққа мүше елдерге екпенің екі дозасын еккізген адамдарды карантинге жаппауды және олардан қосымша ПТР тест талап етпеуді тапсырды. Сондай-ақ, маусымнан бастап эпидахуалы тұрақты, вакцинаның екі дозасын алған үшінші мемлекеттердің тұрғындарына Еуроодақ елдеріне саяхаттауға рұқсат етілмек.

 Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу