Еуропалықтар қалыпты өмірге оралуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалықтар қалыпты өмірге оралуда

09.06.2021

Еуропа елдері шекараларын ашып, тұралаған туризмді дамытуға кірісті. Грекия Спутник салдыртқан ресейліктерді қабылдап жатса, Испания америкалық, еуропалық препараттардан бөлек Қытай екпесінің екі дозасын алғандарды құшақ жая қарсы алуда. Еуропалық Одақ елдерінің сандық Ковид сертификаты да тұрғындарға беріле бастады. Қарт құрлықтағы соңғы ахуалды әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, сіздің маскасыз тұрғаныңыздың өзі шектеудің алынып тастағанының белгісі болар?

Нұрсұлу Қасым, тілші: 
Иә, осы уақытқа дейін көшеге медициналық бетпердесіз шыға алмайтынбыз. Бүгін Бельгия астанасы Брюссельде адам көп шоғырланбаған жерлерде маскасыз жүруге рұқсат етілді. Және бүгіннен бастап тұрғындар дәмхана, мейрамханалардың тек жазғы алаңдарында ғана емес, ішінде де отыра алады. Халықтың қоғамдық тамақтану орындарын сағынғаны сонша, бірнеше апта бұрын үстелге тапсырыс беріп жатыр-дейді мейрамхана басшылығы. Сондай-ақ, бүгін 7 ай жабық тұрған театр, кинотеатрлардың да есігі қайта ашылды. Халықтың қалыпты өмірге оралуына эпидахуалдың жақсаруы, екпе науқанының қарқынды жүргізілуі септігін тигізді.
11 елдің 11 қаласында өтетін футболдан Еуропа чемпионатын тұрғындар стадионда тамашалай алады. Бірақ, індетке байланысты орын шектеулі. Елдер стадионды 25-50 пайызға ғана толтырмақ. Жанкүйерлер маскамен, 1,5 метр арақашықты сақтап отыруы тиіс. Тек, Венгрия астанасы Будапешттегі доп додасы 100 пайыз көрерменнің қатысуымен өтеді. Стадионнан орын бұйырмағандар ойынды арнайы фан аймақтарда үлкен экраннан тамашаламақ. Бірақ, бұрынғыдай еркін жүріп-тұруға болмайды. Бір орында отырып көрулері керек.

 Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу