Қызылордада қоғамдық көліктер жолға шығып, базарлар ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада қоғамдық көліктер жолға шығып, базарлар ашылды

09.01.2022

Бүгін Қызылордада тұрғындар қалыпты өмірге қайта оралды. Бірнеше күннен бері тоқтап қалған қоғамдық көліктер жолға шығып, базарлар ашылды. Аймақтағы ахуалды толығырақ тілшіміз Әділбек Серікұлы баяндайды.

Елді үрейге салған күндер артта қалып, қалада толықтай құқықтық тәртіп орнады. Бүгін аймақтағы алыс-жақын елді мекендерге қатынайтын автобустар кестеге сәйкес жолаушыларды тасымалдауға кірісті. Ескертетін ақпар, коменданттық сағаттың талабы бойынша ауыл, аудандарға баратын автобустар тек кешкі 7-ге дейін жүреді.

Әубәкір Ахауов, Байқоңыр қаласының тұрғыны:

Қазір енді аман-есен бәрі жақсы болып келе жатыр. Бәрі дұрыс болып, міне көліктер жүріп жатыр. Әрқашан Қазақстанымыз өрлей берсін.

Сондай-ақ, шаһарда біраздан бері жабық тұрған тұрмыстық, киім-кешек сататын базарлар бүгін ашылды. Тек саудамен ғана нәпақасын тауып отырған кәсіпкерлерге кешегі дүрбелең біраз зиянын тигізіп, шығынға батырды.

Саудагер:

Біз енді 4 күн болды қазір. Кеше 7-сі несие төлейтін едік. Төлей алмай отырмын. Төрт күннен бері кәсібімізге қанша зияны тиді. Сондықтан арандатушылыққа ермеңіздер. Тәуелсіздігімізден айрылып қалмайық.

Мұнан бөлек, қаладағы дәріханалар, шағын дүкендер жұмысын жандандырды. Осылайша қалада қауіптің беті сейіліп, тұрғындар қалыпты өмірге қайта орала бастады.


Хабарламаларға жазылу