Оқыс оқиға! Павлодарда 5 қабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерде жарылыс болып, 1 адам қаза тапты. Үш адам түрлі жарақат алған. Оқиға орнында тексеру жүргізген құқық қорғау органдары жарылыстың нақты неден болғаны жайлы ресми хабарлама берген жоқ.
Мүткенов көшесіндегі жарылыс болған үйде 150 отбасы тұрады. Өрт сөндірілгеннен кейін барып 60 адам пәтерлерінен қауіпсіз жерге шығарылды. Себебі бастапқыда газ балон жарылды деп шақырту түскен.
Самат Асайынов, Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
- Түсініксіз жарылыс. Неден болғаны белгісіз. Осы үйге таныстары келіпті. Сосын марқұм болған азаматқа бір нәрсені көрсетіп, екеуі біраз уақыт бойы қарап отырыпты. Енді оны тергеушілер анықтар.
Екі бөлмелі пәтердің біраз бөлігі жанып кеткен. Жарылыс кезінде үйдің ішінде 4 адам болыпты.
Қанадан Ахметжанов, облыстық Жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:
- Жедел жәрдемге қоңырау түсті. 1 адам сол жерде қаза тапты. Тағы біреуін 50 пайыз күйікпен қалалық ауруханаға жеткіздік. Оның жағдайы қазіргі уақытта қиын.
Полиция апат болған аумақты дереу қоршауға алып, осы көше бойымен көліктердің жүруіне тыйым салды. Бірер сағатқа дейін 36 жастағы қайтыс болған жігіттің мәйіті үйден шығарылған жоқ.
Болат Аманбаев, тілші:
- Қазір міне, тұрғындар үйлеріне кіргізіліп жатыр. Ал жарылыс болған пәтерді саперлар тексеруде. Өйткені, куәгерлердің айтуынша, жарылған газ балоны емес, оқ жасайтын күкірт тұтанып, содан болғанға ұқсайды.
Светлана, жарылыс болған пәтер иесінің көршісі:
- Анасын жедел жәрдем алып кетті. Ол кісіні терезеден шығарды. Бұл үйге қайтыс болған жігіттің бұрынғы әйелінің ағасы келген. Бәрі соның кесірінен болды. Ол күкірт толы буыншақ алып келіпті. Жарылыс болып, мен үйден шыға жөнелген кезде жалын шарпып тұрды. Есікті әрең жаптым.
Жарылыстың нақты неден болғанын арнайы қызмет өкілдері сараптама қорытындысынан кейін ресми хабарлаймыз деді.
Болат АМАНБАЕВ