Тараздағы көпқабатты үйлердің бірінде жарылыс болды (Толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздағы көпқабатты үйлердің бірінде жарылыс болды (Толығырақ)

27.02.2019

Таразда көпқабатты тұрғын үйде жарылыс болып, ондаған адам зардап шекті. Жойқын жарылыстан қаза тапқандар да бар. Қазір оқиға орнынан өңірдегі тілшіміз Сәбит Әлдебай байланысқа шықты.

Сәбит Әлдебай, тілші:

- Жарылыс таңғы сағат 6:21 шамасында №9 мөлтекаудандағы 62-ші көпқабатты үйде болған. Жарылыс 4-кіріберістің бірінші қабатынан 3-қабатына дейін шарпыған. Алдын ала болжам бойынша, жарылыс ұшқыны 2-қабаттағы 46-шы пәтерден шыққан. Оқиға орнына төтенше жағдай қызметкерлері жедел жетіп, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. Қазір мұнда қажетті техника мен құтқарушылар жұмыс істеуде.

Құтқарушылар қираған үйінділер астынан 8 адамды алып шыққан. Екі адам оқиға орнында қайтыс болған. Зардап шеккен бір тұрғын жансақтау бөлімінде қаза тапты.

Жансақтау бөліміне жеткізілген басқа тұрғындардың жағдайын дәрігерлер тұрақты-ауыр деп отыр. Қазір өңірде қайғылы оқиғаға қатысты жедел штаб құрылып, оқиғаның салдарын жою мен шығу себептерін тексеріп жатыр.

Қазір көпқабатты үйдің тұрғындары жақын жердегі №47 мектепке көшірілген. Оларға уақытша тұруға қажетті барлық жағдай жасалып, медициналық, психологиялық көмек көрсетілуде.

Оқиға орнында барлық күш құрылымдары жұмыс істеуде. Жарылыстың шығу себептері алдағы уақытта анықталатын болады. Әзірге ресми мәлімет жоқ. Біз бұл жағдайды бақылауда ұстайтын боламыз.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу