Сыр өңірінде шаруалар мемлекеттен берілетін жеңілдіктен қағылып отыр. Субсидияға сеніп қомақты қаржы алған кәсіпкерлер бүгінде қарызын өтей алмай, шығынға батып жатыр. Қиындыққа тап болған 40-тан аса шаруа қожалығы жергілікті биліктен көмек сұрап, бағдарламаның қаржыландырылуын сұрауда. Мәселенің мән-жайын әріптесім Әділбек Серікұлы анықтап көрді.
Айдарлы ауылының тұрғыны Азат Раисов 2016 жылдан бастап мал шаруашылығын қолға алып, отбасылық кәсіпке айналдырған. Биыл тәуекелге бел буып, мемлекеттік бағдарламамен 15 миллион теңге несие алды. Қорасын малға толтырып, шаруасын кеңейтті. Бірақ, несиеге берілетін субсидиядаға қолы жетпей, енді қомақты қаржыны өтеу қиынға соғып отыр.
Азат Раисов, шаруа қожалығының төрағасы:
Берілген қаржының 16 пайызының 10 пайыз Үкімет субсидиялау қажет болған. Алайда ол қазір тоқтатылды деп жатыр. Малдың басын көбейту емес, азайту жағына жұмыс жасауға тура келіп тұр. Өйткені кредитті төлеу үшін қолда бар малдың бәрін сатып төлемесек басқа жол жоқ.
Аймақта мал шаруашылығын дамыту үшін несие алған 40 тан аса шаруа бүгінде мемлекеттен қолдау таппай, кәсібі құрдымға кетіп барады. Себебі, бірнеше жылда төрт-түлігін түлетіп, аяққа тұрып кетуді көздеген кәсіпкерлер енді субсидиясыз қып-қызыл шығынға батып жатыр, дейді мамандар.
Жасұлан Серіков, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
Мысалы бір ғана кәсіпкер, кезінде 150 мың теңге төлеу керек болса ай сайын, қазір 555 мың теңге төлеуге мәжбүр болып отыр. Бұл жағдай 2020 жылдың желтоқсан айынан жалғасып келе жатыр. Өкінішке орай, бүгінде 5 ай өтсе де әлі де шешімін таппаған.
Жергілікті әкімдік те бұл мәселеден хабардар. Олардың айтуынша, былтыр мал шаруашылығы бойынша несие алушылардың саны екі есе артып, бөлінген қаржы жетпей қалған. Әзірге, 2020 жылдың субсидия қарызын жабу үшін Үкіметтен қосымша қаржы алу жоспарлануда.
Гүлмира Исабергенова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
21 де алғандар біздің қағиданың 18-тармағына сәйкес қаралған қаржыдан бос қаражат болған жағдайда ғана жаңа ұсыныс қабылдау рұқсат етілген. Сол себептен, «Qoldau.kz» жүйесінде терезе ашылмай тұр енді.
Жалпы биыл ауыл шаруашылығы бағдарламасымен берілген несиені субсидиялауға 1,2 миллиард теңге қаралып отыр. Ал мамандар кем дегенде 3 миллиард қаржы қажет дейді. Сондықтан, ата кәсіпке бет бұрған сырбойылық шаруалар мемлекеттік қолдауға зәру болып тұр.
Әділбек Серікұлы