Газада Израильдің соққысынан қаза тапқан балалар саны 60-тан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Газада Израильдің соққысынан қаза тапқан балалар саны 60-тан асты

18.05.2021

АҚШ президенті Джо Байден Палестина мен Израиль арасындағы әскери жанжалға ымыра жариялауды қолдады. Сонымен қатар, Вашингтон осы соғысты тоқтату үшін Мысырмен және өзге де елдермен жұмыс істеп жатыр. Алайда АҚШ Біріккен ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесінде Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылықты доғаруға шақырған мәлімдемеге тағы да тосқауыл қойған. 

Қарулы қақтығыстың аяқталатын түрі жоқ. Соңғы мәліметке қарағанда, Израиль әуе күштерінің Газаға шабуылынан қаза тапқандар саны 212-ге жетіп отыр. Олардың 61-і бала. Палестиналық қарулы топтар Израиль аумағына өткен дүйсенбіден бері 3200-ден астам зымыран жіберіп, 10 шақты адамды мерт қылды. Ал Газада талай ғимарат жермен-жексен болып, ауыз су мен электр жүйесі істен шығып жатыр. 

Осы тұста Түркия президенті мәлімдеме жасап, Батыс мемлекеттерін Таяу Шығыстағы соғысты тоқтатуға әрекет жасамады деп айыптады. 

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Байден мырза, армяндар геноциді деп аталған мәселеде армяндардың жағына шықтыңыз. Енді, өкінішке қарай, осы оқиғада қанды қолдарыңызбен тарих жазып отырсыз. Ал Газаға басымдықпен жасалып жатқан шабуылдардан жүздеген мың адамның шаһид болуы мүмкін. Және де мен Израиль туын өз үкіметінің төбесіне тіккен Австрия мемлекетін айыптағым келіп отыр. 

Таяу Шығыста соғыс өрті мамырдың 10-да тұтанған еді. Хамастың әрекетіне Рамазан айында Израильдің Шығыс Иерусалимде мұсылмандар үшін қасиетті саналатын орындарға полицияны шоғырландыруы себеп болды. Сәуірде еврейлердің палестиналықтарды үйлерінен күштеп көшіруі, арабтарды ашындырып, арты қақтығысқа ұласты.

Хабарламаларға жазылу