Сенат Жерді шетелдіктерге сатуға қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат Жерді шетелдіктерге сатуға қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды

02.05.2021
0:00:00
0:00:00

Жер қатынастары туралы Мәжілістен өткен заң жобасы Сенатта қаралған. Түзету енгізіліп, кері қайтарылды. Мәселе мынада: Мәжіліс ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын екі оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдаған.

Алайда қоғам белсенділері бұл заң шетелдіктерге жерді орман өсіруге жалға беруге тыйым салмайтынын айтып, наразылық білдірді. Сөйтіп Сенатта қаралған кезде жеке орман өсіру үшін жер учаскелерін тек Қазақстан азаматтарына және шетелдік үлесі жоқ Қазақстанның заңды тұлғаларына беру туралы өзгеріс енгізіліп, Мәжіліске қайтарды.

Әкбәр Мәуленов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының атқарушы директоры:
Оны қайтарған себебі, орман өсіру үшін шетелдіктерге беруге болады деген өзгеріс енгізген болатын. Бізде сол ұстанымды қолдаймыз. Өйткені, жер ешқандай себеппен шетелдіктерге жалға да, сатылуға да тиісілі емес. Орман өсіру үшін деп беру ол да қате. Біздің қазақстандық азаматтарда сол орманды өзгерте алады. Біздің ұстанымымыз сондай. Сондықтанда Сенаттың қайтарғаны дұрыс.

Жалпы, заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салынған. Сонымен қатар мораторийге дейін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алған шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар үшін жерді жалдау мерзімі ұзартылмайды. Тиісті заң күшіне енгеннен кейін жер шетелдіктерден қайтарып алынады.

«Ал қандастарға жер учаскесі жеке қосалқы шаруашылық, бақ өсіру және саяжай құрылысы үшін беріледі. Олар ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға ала алады», - деді Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров.

Министр 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін шетелдік үлесі бар жеті компания жалға алып отырғанын айтқан еді.


Хабарламаларға жазылу