Сенат бюджет туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

19.11.2020

Биыл бөлінген бюджет қаражатының бір бөлігі тиімсіз жұмсалған. Алдағы 3 жылға бағытталған бюджетті жоспарлауда да шикіліктер бар. Осыған байланысты Сенат заң жобасын Мәжіліске қайта қарауға жіберді.   

Дерт дендегенде науқастарға ең керегі - өкпені жасанды желдететін аппарат еді. Үкімет есебінен 1500 данасы алынған. Бірақ жартысына жуығын медициналық мекемелер қабылдамады. Себеп – құрылғылар толық жабдықталмаған. Сенатор Нұрлан Қылышбаев бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалғанын сынға алды.  

Нұрлан Қылышбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Мысалы, Жамбыл облысында осындай олқылыққа байланысты 53 аппараттың бірде біреуі жұмыс істемей тұр. Түркістан облысында да осындай жағдай. Қазіргідей күрделі кезеңде мұндай олқылықтарға жол беруге болмайды.  

Алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджеттің жалпы сомасы – 41,8 трлн теңге. Оның жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады.  

Нәтижесінде, дәрігерлердің жалақысы үш жыл бойы жыл сайын 30, ал мұғалімдердің табысы 25 процентке артады. Сонымен қатар, инфрақұрылымдарды дамыту, Орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті қолдау мен әлеуметтік аз қамтылғандарға арналған баспана құрылысына бөлінеді.

Ал эпидахуал нашарлап, қатаң карантин енгізілетін болса уақытша табысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем үшін қаржы бөлу қарастырылмаған. Депутаттар осыған алаңдаушылық білдірді.

Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
-Келесі жылы эпидахуал тұрақтанбайтын болса, қаралып отырған заң жобасында бұл мақсаттар қарастырылмаған. Осыған байланысты біржолғы әлеуметтік төлем көлемінің 42500 теңге екенін ескере отырып, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мүмкіндіктері қандай? 
  Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:  
-Пандемияның күрделенуіне қатысты ел президенті көктемдегідей қатаң карантинді тежеуді тапсырғанын білесіздер. Өз кезегінде экономикалық жағдай нашарлаған жағдайға Үкіметтің, Ұлттық банктің және қаржы нарығын реттеу агенттігінің бірлескен іс-қимыл жоспары бар. Сол жоспар шеңберінде жұмыспен қамту және де халықты әлеуметтік қорғау шаралары қарастырылған.  

Дегенмен, заң жобасының кей бағыттарын қайта қарау керек. Сенаторлар өңірлерді дамытуға және бизнес пен азаматтарды әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаражатты ұлғайтуға байланысты кемшіліктер бар деп отыр. Сол себептен Сенат депутаттары еліміздің басты қаржы құжатына бірқатар түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.  

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Президент тапсырмасымен экономикалық қиындықтарға қарамастан бюджетті барлық экономикалық бағыттарды орындауға керекті қаржы қарастырылған.  
Асима Нұрбайқызы, тілші:  
-Бұдан басқа, Ұлттық қордан алдағы 3 жылға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы да қаралды. Қордан республикалық бюджетке трансферт көлемі 2021 жылға – 3,7 трлн, 2022 жылға – 2,4 трлн, 2023 жылға 2,2 трлн теңге болып бекітілді.  

Асима Нұрбайқызы 


Сенат бюджет туралы заң Мәжіліс

Хабарламаларға жазылу