Елде ана өлімі өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артқан. Мәселен 2020 жылы босанған әр 100 мың әйелдің 36-сы көз жұмған. Ел алдында есеп берген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мұны коронавирустың кесірінен деп отыр. Пандемия жүрек қантамыры ауруы бар тұрғындарға да қауіпті. Өткен жылы өлім саны 15 пайызға артқан. Биыл осы ауруларға қарсы күрес күшеймек.
Министр «Ұлт саулығы» ұлттық жоспарының негізгі басымдықтарын атады. Жоспарға сәйкес, ауылды жерлерде 140-қа жуық фельдшерлік-акушерлік және медициналық пунктер ашу көзделген. Аймақтарда 20 замануи медициналық орталық салынады. Мамандардың орташа жалақысы 2023 жылға дейін 500 мың теңгеден асады. Сондай-ақ биыл жасанды ұрықтандыруға квота 7 есе артық бөлінеді. Медициналық сақтандыру қорының нәтижесінде қымбат медициналық қызметтер қолжетімді болады. Отандық фармацевтика саласын дамытып, дәріханаларды өз өнімдерімізбен қамту жоспары да бар. Министр вакцинациялау жұмыстарына тоқталды. Бүгіннен бастап халық Sputnik-V пен QazVac-тан бөлек, Қытайдың SinoVac-ын салдыра алады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Пандемия жариялаған кезден бастап бір жыл өтті. Ол бізге көп нәрсені үйретіп, Мемлекет басшысынң және Үкіметтің айрықша назарының арқасында салада байқарлықтай инфрақұрылымдық жаңартулар жүргізіліп және медициналық қызметкерлерге ерекше қолдау шаралары көрсетілді.
Раушан Сайлау