БҚО-да қарағайлы орман қурап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да қарағайлы орман қурап барады

29.04.2021

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасындағы қарағайлы орман қурап, жылдан-жылға сиреп барады. Хан Жәңгірден қалған жазиралы алқаптың бүгінде хәлі мүшкіл. Екі ғасыр жасаған қарағайлар құлап, тал-терек қурап жатыр.

Көшкін құмның арасынан жап-жасыл тоғай көру - сирек құбылыс. Алайда, соңғы кезде осы бір ғажап алқаптың кей тұсы сиреп, қарағайы қурап жатыр.

Медет Сисенов, ауыл әкімі:
Ауыл тұрғындарының, жалпы үлкендердің айтуынша, ылғалдың аздығы, қуаңшылықтың кесірі. Келетін судың аздығынан деп айтады. Өйткені ылғал қазір тартылып кетті. Бұрын біздің бала кезімізде бетінде тұратын еді су. Бабаларымыздан қалғасын, халықтың жанайқайы енді.

Бөкейдегі орманды осыдан екі ғасыр бұрын хан Жәңгір отырғызды. Құмның көшуін тоқтату үшін Ресейден арнайы көшет алдырған. Орманға мал кіргізбей, сақшы ұстаған.

Шолпан Қожанова,  музей-қорығының қызметкері:
Жәңгір хан 1831 жылы Орынбор губернаторы Сухтилинге хат жолдаған болатын көшет сұратып. Емен, қарағай, ақтерек, қайың ағаштарын жіберді. Жәңгір хан өзі қатаң қадағалап отырған. 1842 жылы күзетші, қорықшы тағайындаған тал-теректерді кеспеу үшін.

Кейін 1890 жылы осы өлкеде тұңғыш орман шаруашылығы құрылды. Қазір 16 мың жарым гектар жерде қарағай, қайың, қандыағаш, жыңғыл, т.б ағаштың 90 түрі өседі.

Ақылбек Әлсейітов,   Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры:
Қолдан егілген, табиғи ата-баба мұрасы болғандықтан, қарағайлардың кейбір жерлерінде қурау байқалады. Соны ғылыми түрде, ғалымдар шақырып, неден қурап жатқанын анықтау мәселесі - ең бірінші мәселе. Содан кейін бұл қарағайларды сақтап қалу мақсатында шара қолдану керек деп ойлаймын.

Ағаштың қурауы табиғи фактор болуы да мүмкін. Бірақ қарағай 5-6 ғасыр жасайды. Сол себепті көздің жауын алатын жасыл желекті бірегей өлке тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу