Балқаш көлі тартылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш көлі тартылып барады

30.04.2021

Көкше көл - Балқаш тартылып барады. Шұғыл түрде қандай да бір шара қолданбаса, бірнеше жылда Арал тағдырын қайталауы әбден мүмкін, - дейді табиғат жанашырлары. Ал Экология министрлігі алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Балқашқа құятын Іле өзенін ортақ пайдалану тетіктері турасында Қытай елімен келіссөз жүргізіліп жатқанын алға тартады. Алайда ғалымдар бұл жұмыстың тым сылбыр жүріп жатқанына наразы.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Балқашқа құятын судың 80 пайызы Іле өзенінен келеді. Соңғы жылдары көршілес Қытай мемлекеті оның суын шаруашылыққа көптеп пайдалануда. Салдарынан Көкше көл суының деңгейі түсіп кетуі мүмкін, дейді ғалымдар.

Айтуларынша, соңғы екі жыл ішінде көкше көлдің деңгейі жарты метрге төмендеп кеткен.

Вячеслав Цой, Қазақстан балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты балқаш қалалық филиалының ғылыми қызметкері:
Мына шағын дамба 2018 жылы су астында жатқан болатын. Яғни, көзге көрінбейтін, ал қазір су бетіне шықты. Біздің есебіміз бойынша көл деңгейі осы аралықта шамамен жарты метрге азайды.

Жалпы аумағы 18 мың гектарды алып жатқан Балқаш көлінде су көлемі 100 текше шақырым. Тереңдігі орташа есеппен 6 метрге жуық. Оған 5 өзен құяды десек, соның дені Іледен келеді.

Серік Қожаниязов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:
Балқаш өзенінен 12 кубокилометр су келу керек болса, одан төмен болса қиын болады, қазір 13,8-ба, 13,6-ма келіп жатыр. Демек қазір Балқаш көліне осы тұрғанда қатты проблема болады деуге негіз жоқ.

Бірақ соңғы жылдары Іле өзенінің суын Қытай елі молынан пайдалана бастаған. Бүгінгі күнге дейін көрші мемлекет өзен бойына 40 су қоймасын салып, егістік алқаптарын 500 мың гектарға ұлғайтқанын айтып ғалымдар дабыл қағуда. Бұл ретте жауапты ведомство трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы екіжақты келісім жасауға күш салып жатыр. Алайда шаруа тым баяу жүруде.

Мәлік Бүрлібаев, техника ғылымдарының докторы:
Біз Қытай жағымен әлі күнге келісі-шартта кездесетін түрлі терминдерді біріздендіру мәселесін талқылаумен келеміз. Содан бері 5 жыл өтті, жұмыс жылжыған жоқ. Әрине, Қытай мемлекетіне бұл процесті әрі қарай соза беру тиімді екені айтпаса да түсінікті. Осылайша уақыт өткен сайын Іленің суын сарқа береді.

Балқаштық ғалымдар көлді сақтап қалудың тағы бір жолы- шағын шығанақтарды азайту. Бірақ бұл да уақытша амал. Егер су лайықты мөлшерде келмесе көл деңгейі төмендей бермек.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу