Жем өзені тартылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жем өзені тартылып барады

27.03.2019

Еліміздегі ірі су айдындарының қатарына жататын Жем өзені тартылып барады. Өзеннің ұзындығы - 712 шақырым. Оның 500-і – Ақтөбе, ал 212-сі – Атырау облысының аумағынан өтеді. Тіршілік нәріне тұрмысы байланған жергілікті халықтан береке қашқан. Өйткені маусым сайын келетін су жерге сіңіп, құрдымға кетіп жатыр. Кесірінен өзеннен нәр алатын жекелеген су алаптарының шырайы кеткен.

Жандос Темірғали, тілші:

- Мына тартылып жатқан Жем өзені Мұғалжар тауынан бастау алады. Су айдынына тіршілік көзі өрдегі бұлақтардан келеді. Кезінде арнасына сыймай тулап жататын өзен бүгінде бейшара бұйығы күйде. Әржерден үзіліп, сусап-ақ тұр.

Жем өзені арқылы сағасы шылқып жататын Қамыскөл де енді суға жарымай жатыр. Бүгінде 100 метрге дейін тартылып қалған. Кесірі демалыс орындарын кәсіп қылған жағасындағы жұртқа тиіп, ішкі туризмнің дамуына да тұсау боп тұр.

Асылбек Шыңғысов, «Жылыой табиғаты» ҚБ төрағасы:

- Мына көріп отырған жағаның бәрі шалқып тұрған су еді. Енді қазір тең жартысы жоқ. Кепкесін жердегі топырақ, балшыққа айналып жатыр. Мұны экологиялық апат демесе, басқаша айта алмаймыз.

Жемнің жерге сіңіп, суы сарқылуының тағы бір себебі - бұлақтардың бітеліп қалуы. Мамандардың айтуынша, бұған дейін Жем өзеніне тиесілі бұлақтар ғылыми тұрғыда зерттелмеген. Мұғалжар тауларына арнайы барып, жағдаймен танысқан Сенат депутаты таудан саусақпен санарлық бұлақ көргенін айтады.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Кезінде ол жерде 100-ден астам бұлақ болғанын айтады тұрғындар. Менің көргенім 3-4 қана бұлақ. Олардың да көмейі бітеле бастаған.

Өзен суының болашағына алаңдаушылар 1969 жылы жасақталған «Аралтөбе су қоймасы» жобасын жандандырса дегенді айтады. Егер суландыру жүйесі іске қосылса, құрғап кетудің аз-ақ алдында тұрған Жем өзенінің арнасы толар еді. Бірнеше мәрте әкімдікке ұсыныс та айтылған. Алайда, әрекет жоқ.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Аралтөбе суландыру жүйесін іске қосқан кезде Жылыой ауданының қоймасына жыл сайын 55-60 млн текше метр су жинауға болады. Бұл - сол Жем өзенінің суын реттеп отыруға және Қамыскөлдің де суын ортайтпауға мүмкіндік беретін үлкен жоба. Бірақ енді қазіргі бұл мәселе әрі қарай шешімін таппай тұр.

Жем - халық үшін өте маңызды өзен. Оны сақтап қалу - кезек күттірмейтін шаруа. Сол себепті жергілікті билік өздерінше қарекет етуде. Мақсат - келген суды барынша жинай отырып, оны үнемдеу. Кейін қажеттілікке жарату. Ол үшін «Игілік» бағдарламасы аясында 2,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Жұмыстар сәуір айында аяқталуы тиіс.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу