Талдықорғанда автобус жүргізушілері 4 ай жалақы алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда автобус жүргізушілері 4 ай жалақы алмаған

27.04.2021

Талдықорғанда қоғамдық көлік жүргізушілері 4 айдан бері жалақы алмай жұмыс істеп келген. Шыдамы таусылған автопарк қызметкерлері таңертең автобусқа отырудан бас тартты. Салдарынан қалада бірнеше бағыт бойынша қоғамдық көлік жүрмей, тұрғындар жаяу қалды. Қарызға белшеден батқан автопарк қызметкерлерінің өзге де проблемаларын өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы біліп қайтты. Жүргізушілер жұмысқа шықпап еді, қарапайым халық қиналып қалды. Діттеген жеріне бірнеше автобус ауыстырып жетуге, не болмаса такси жалдап шығындануға мәжбүр.
Гауһар Әбдірахманова, қала тұрғыны:
Таксимен қымбат. Көтеріп жатыр, бензин қымбаттап кетті дейді. 
Ал автобус жүргізушілері таңғы сағат алтыдан жиналып, басшылықтан 4 айдың жалақысын талап етуде. Айтуларынша жарты жылдан бері әлеуметтік төлемдер де жоқ. Кәсіпорында еңбек ететін 100-ге жуық жүргізуші қарызға батып, несиелерін төлей алмағанын айтады.
Нұрдәулет Түндебаев, жүргізуші:
Күнде ертең, күнде ертеңмен жігіттердің бәрі шаршады. Көбі квартирада тұрады. Кредит бар. Ипотека деген әңгіме. Бұлар күнде ертеңмен елдің бәрін шаршатып бітірді. Бүгін шықпаған себебіміз сол. Сонымен ақша бергенше шықпаймыз, тұрамыз.
Жолаушылар тасымалы шығыны көп сала дегенді алға тартқан автопарк басшылығы жалақының кешеуілдеуіне пандемия себеп болды дейді. Қала бюджетіне алақан жайған кәсіпорын карантинде оқушы тасымалдауға бөлінетін субсидиядан қағылған көрінеді.

Атқарушы билік серіктестік алдында берешегіміз жоқ дейді. Тіпті көпбалалы аналар тасымалына бөлінетін қаржының екі тоқсандық көлемін төлеп қойған. Ал жүргізушілердің бірнеше ай бойы не себепті жалақы алмағанын енді құзырлы органдар анықтамақ.
Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу