Ресейде автобус апатынан 19 адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде автобус апатынан 19 адам қайтыс болды

06.10.2017

Ресейде үлкен көлік апаты болып, 19 адам қайтыс болды. Владимир облысының Покров станциясында, қазақстандық автобус пен жолаушылар пойызы соқтығысты. Автобустың жүргізушілері Қазақстан азаматтары.

Олардың бірі Данияр Шілдебаев оқиға орнында көз жұмса, Нұрғали Сарманов аман. Қайтыс болған басқа 18 адам - Өзбекстан азаматтары. Автобуста барлығы жүргізушілерді қоспағанда, Ресейге жұмыс істеуге бара жатқан 55 өзбекстандық болған.

Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қызметкерлері де оқиға орнына шұғыл барып, мән-жайды анықтап жатыр. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Алдын-ала белгілі болғандай, теміржол өткелінен өтіп бара жатқанда автобус сынып қалған. Ал, машинист шұғыл түрде тежегішті басқанымен, пойызды тоқтата алмаған.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу