Жылу беру мекемесінің жұмысшылары екі ай жалақы алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылу беру мекемесінің жұмысшылары екі ай жалақы алмаған

13.01.2014
Жылу беру мекемесінің жұмысшылары екі ай жалақы алмаған

Семейде қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Жылукоммунэнерго» мекемесінің жұмысшылары  екі айдан бері еңбекақы алмаған. Кәсіпорын жұмысшыларға бүгінде 150 миллион теңге қарыз.

 
Мәселеге прокуратура араласқан. Бүгінде жылу мекемесінің басшысы қызметінен кетіп, оның орнына жаңа жетекші сайланды. Ал жұмысшылар болса  жалақы мәселесін жеделдетіп шешуді талап етіп отыр.
 
«Жылукоммунэнерго» мекемесінде 2 мыңға жуық жұмысшы бар. Жалақысын даулағандардың біразы бүгін қаланың сол жағалауындағы  1-ші жылуэнерго орталығының алдына жиналды. Наразы жұрт  қараша, желтоқсан айларына тиесілі еңбекақының өтелуін талап етуде.
 
Ардақ Тілемесов, «Жылукоммунэнерго» МКК жұмысшысы:
Екі айдың жалақысын алған жоқпыз. Негізі бізге басшылар «28 желтоқсанға дейін береміз», деп сөз берген. Маған 130 мың теңге қарыз.   
 
Ал сөз берген мекеме басшысы болса бүгінде жұмыс істемейтін болып шықты. Ол қызметінен желтоқсан айында кеткен. Жұмысшыларға жалақыны уақытында бермегені үшін жауапқа да тартылған.
 
Олжас Қалматаев, Семей қаласы прокуратурасының бөлім  бастығы:
Кәсіпорын басшысы еңбекақыны уақытында төлемегендігі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, Еңбек инспекциясымен бірге қазір өзге де заңбұзушылықтарға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.
 
Қазір «Жылукоммунэнерго» мекемесінің жетекшісі жаңадан сайланды. Анықталғандай, кәсіпорынның жұмысшылар жалақысынан бөлек қарыздары бар. Мәселен,  қаладағы қазандықтарға  отын-су мен жарықты жеткізетін мекемелерге 724 миллион теңге берешек  болып шыққан.
 
Асхат Қосжанов, Семей қаласы әкімінің орынбасары:
Бүгінде қала резервінен «Жылукоммунэнерго» мекемесіне 100 миллион теңге бөлу туралы шешім шығарылды. Оған отын мен жарық сатып алынады. Ал жұмысшылардың жалақысы тұрғындардан жылу ақысы жақсы жиналса, ақпан айында төленеді деп отырмыз.
 
«Жылукоммунэнерго» мекемесінің жұмысшылары  болса, жақын күндер жалақы мәселесі шешімін табады деген үмітте. Егер еңбекақы тағы кешіктірілер болса, қалаға жылу беруді шектеуге дейін барамыз деп отыр.
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу