QazVac вакцинасын егу 26 сәуірде басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

QazVac вакцинасын егу 26 сәуірде басталады

25.04.2021

COVID-19 коронавирусы мен коронавирустық пневмония бойынша Денсаулық сақтау министрлігі бүгін таратқан мәлімет: 2830 адам жұқтырғаны тестпен расталды. 15 адам қайтыс болған. Коронавирустық инфекция белгілері бар пневмония 86 адамнан табылған. 3 адам қайтыс болған. 716 адамның жағдайы ауыр, 181 адамның жағдайы өте ауыр. 104 адам өкпені желдететін аппаратқа қосылған. Вакциналауға келсек, 878 067 адам екпе салдырған.

Айтатын жаңалық – Израильде көшеде маска тақпауға рұқсат. Денсаулық сақтау министрлігі бұл талапты алып тастады, себебі вирусты күніне 200 дей адам ғана жұқтырады. Қаңтар айында ғана 10 мың болатын. Бұл мемлекеттің 16 жастан асқан тұрғындарының 40 проценті вакцина салдырған. Халқының саны 9 млн-нан асады.

Айтатын тағы бір жаңалық - «KazCOVID-in» вакцинасының алғашқы легі ел аймақтарына жіберілді. QazVac сауда маркасымен шығарылған коронавирусқа қарсы қазақстандық екпе бір жылға жетер-жетпес уақытта отандық зертхана базасында жасалды.

Отандық вакцина Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институтының базасында жасалды. Біздің мемлекет коронавирустық инфекцияға қарсы өз вакцинасын әзірлеген әлемнің бес елінің бірі. Бұл расында «Әйтсе-дағы қолымыздан келеді» деп, үміттерді үрлейтін жаңалық. Отандық вакцина шыққанын, бестікке кіретінімізді балама айтып ем, көзі оттай жанып, өзінің қатысы бардай қопаңдап қалды.

Вакцинаны жасап шығарған ғалымдар айтқандай, препараттың толық қауіпсіздігі дәлелденген және вакцина коронавирустық инфекцияға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастырады. Тағы бір тоқталатыны - QazVac вакцинасын жеткізу кезінде мұздатқыш қондырғылары қажет емес. Ол плюс 2-8 градус темпераурада тоңазытқышта тасымалданады. Сонымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе сияқты ірі қалаларға отандық вакцинаның 50 мың дозасы жөнелтілді. Мамырда да 50 мың доза көлемінде шығарылады. Одан кейін вакцина өндірісі кезең-кезеңімен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылады.

Вице-Премьер Е.Тоғжанов биофармацевтикалық зауытты аралап шықты. Құрылыс-жөндеу және әрлеу жұмыстары аяқталды. Технологиялық құрал-жабдықтар озық 7 мемлекеттен жеткізілген. Жоспар бойынша зауытта вакцина күзде құйылады. Ал ертең елімізде QazVac препаратымен вакциналау басталады.


вакцина QazVac коронавирус статистика

Хабарламаларға жазылу