Ауыл түгілі Астананың өзі интернетке жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл түгілі Астананың өзі интернетке жарымай отыр

20.04.2021

Елордалық оқушылар онлайн сабаққа қатыса алмай отыр. Себеп – интернет жоқ. Қаланың қақ ортасындағы аудан тұрғындары біздің редакцияға осылай деп шағымданды. Байланыс операторларында сылтау көп, жауапты министрлік айыппұл салудан аса алмай отыр.

Салтанат аптаның 5 күнінде интернет іздеп, балаларын сүйреп жүр. Үлкені студент, үшеуі оқушы, өзі университетте ұстаз. Оқулары – онлайн. Тиісінше бәрі интернетке тәуелді.

Көршісін мазалау ыңғайсыз болса да, оқуға ыңғайлы жер таппасқа амалы жоқ. Алайда, мұнда да жағдай мәз емес. Желінің жылдамдығы тым баяу.

Салтанат Амантай, мұғалім, көпбалалы ана:
Көпбалалы анамын. Осы сабаққа кіру жағынан проблема. Сабаққа кіре алмаймыз. Осылай көршілердің үйіне келіп рұқсат сұраймыз. Интернет туралы сұрасақ, күтіңдер дейді. Қанша уақыт күту керек белгісіз.

Күту қиын емес. Балалары сабақтан қалып жатқанына ғана қапалы. Астанадағы ахуал осы. Ал осыған жауапты министрліктің уәдесі үлкен. 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың түгелі жыл аяғына дейін интернетпен толық қамтылады деуден танбайды. Бірақ, елді мекендерді айтпағанда Елорданың төріндегі Есіл ауданының өзі жарымай отыр. Ал интернет қазір ауадай қажет.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мәселе мәлім. Алайда, тағы уәде беруден аспады.

Нұржан Дүйсебай, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі:
Байланыс операторлары нақты айтылды шешеміз деген. Ал біздің тараптан ұсыныс жасадық. Егер орындалмайтын болса, байланыс операторларына тағы да өтініш жазып, оларға айыппұл саламыз.

Ал айыппұл көлемі алып компаниялар үшін күлкілі. Бар-жоғы 200 мың теңге. Байланыс операторларының интернет тартуға асықпауының жөнін білу мүмкін емес. Сылтау көп. Енді мерзімінде тапсырысты орындамаған компанияларға шара күшейту қарастырылуда. Айыппұлды 10 есеге дейін өсіру жоспарланып жатыр. Жалпы, Елорданың көп ауданы жоғары жылдамдықтағы интернетке зәру. Ал сабақтың дені онлайн өтіп жатқанын ескерсек, шабандап тұрған интернетпен оқу үлгерімі жайлы айтудың өзі ұят.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу