Шалғай ауылдарға интернет қашан жетеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шалғай ауылдарға интернет қашан жетеді?

26.08.2020

855 ауылға биыл интернет қосылмайды. Ол жерлерге ғаламтордың қашан жететіні де белгісіз. Яғни, тұрғыны 250-ге жетпейтін ауыл-аймақтар байланыс аясынан тыс қала береді. Бірақ мамандар жыл соңына дейін халықтың 97 пайызы интернетпен қамтылады деп отыр.

«Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызатын» интернет көп ауылға жылдам түгілі, жылдап жетпей тұр. Əлі де келмейтін сыңайлы. Тұрғыны 250-ден аз ауыл-аймақтар ғаламтордан жақын уақытта дəмеленбесе де болады.

Ал адам саны 250-ден асқан ауылдардың бəрі биылдан қалмай интернетке қосылады. Жыл соңына дейін халықтың 97 пайызы тұратын елді мекендер толық қамтылады. Ол үшін ірі екі жоба жүзеге асып жатыр. Бірақ алыстағы ауыл түгілі, іргедегі қала, тіпті бас қаланың өзінде интернеттің сапасы сын көтермейді. Желі жүйрік емес. Мұны жауапты ведомства басшысы мойындап та отыр. «Жылдамдығын өлшейтін құрал тапшы» деген министрлік жақында Үкіметтен қосымша ақша сұраған болатын. Егер қаражат бөлінсе, радиожиілік желісін өлшейтін жылжымалы автомобильдің алтауын, тасымалданатын құралдың он данасын сатып алмақ.

Виталий Ярошенко, ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі комитетінің төрағасы: 

- Кең жолақты интернетпен халықтың 97%-ы қамтылды деп айтқанымызбен, көп жерде сапасы өте нашар. Алысқа бармай-ақ, елорданың өзінде проблема өзекті. Ал бұл құрылғылар дəл осы сапаны бақылап, реттеуге мүмкіндік береді.

Биылғы оқу жылында көпшілік интернетке иек артып отырғаны белгілі. «Білім» тарифі қыркүйектен бастап іске қосылады. Қашықтан білім беру үшін алдымен интернет жүйрік болуы керек. Мұндағы олқылықтарды жоюды жеделдетеміз деп отыр.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу