Жүк көлігі жолдан ауып кетіп, 27 жастағы жүргізуші көз жұмды. Жан түршігерлік оқиға Ақмола облысы, Шортанды ауылында болған. Тас карьерінен шыққан ауыр техника жол жиегіндегі лайға құлап, батып кетті. Ал, жүргізуші машина кабинасында қалып қойған. Оны сол маңдағы адамдар көмектеспек болғанымен шығара алмады. Соңында сүйреп шығаруға тура келді. Денесі Елордадағы мәйітханаға жіберілді. Еңбекті қорғау ережесін бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Елорданың қақ ортасында да асфальт опырылып, жеңіл көлік шұңқырға түсіп кетуге сәл қалды. Оқиға Уәлиханов пен Қараш көшелерінің қиылысында болған. Осылайша мердігер компанияның салғырттығы апатқа соқтыра жаздады. Олар құбыр тарту кезінде технологиялық ережені сақтамаған. Салдарынан кәріз коллекторын су шайып, ойық пайда болған. Қазір қауіпті аумақ қоршалды. Жол жабындысын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал құрылыс компаниясы жауапқа тартылады.
Нысаналы Ығыл