Қызылорда облысында жер дауынан елдің берекесі қашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында жер дауынан елдің берекесі қашты

13.04.2021

Қызылорда облысы үшінші интернационал ауылындағы біраздан бері ұласып келе жатқан жер дауынан елдің берекесі қашты. Үш мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенге 2019 жылы инвестор келіп, шаруасы құлдыраған «Достық жер» шаруашылығын қайта жандандырған. Бірақ, серіктестіктің бұрынғы басшысы бастаған топ күріштік жердің 760 гектарын қайтарып беруін талап етіп отыр. Бірақ, ауыл жұрты инвесторды қолдауда.

Тату-тәтті өмір сүріп жатқан ауылдың биыл бірлігі сыр берді. Елді мекен жұрты біріккен ірі серіктестіктен бір топ тұрғын бөлініп шығып, бөлек тіршілік етпекші. Бірақ, оған көпшілік қарсы. Өйткені, бұған дейін бөлінгендердің бәрі банкротқа ұшыраған.

Рамиз Даврошов, ауыл тұрғыны: 
Ауыл деген көтерілді жарық жүргізді. Мұрат Сәрсенбаев бүгін кетсе, ертең екі күннен кейін ауыл қайтадан ойға кетіп қалады. Сол кезде оны шығару, тұрғызу қиын болады.

Дегенмен, бір кездері осындағы шаруашылықты басқарған Болат Ермахановтың ауылға қаржы құйған кәсіпкерге көңілі толмайды. Ол бір топ тұрғынға тиесілі жер үлесін қайтарып, өздігінше еңбек етуді көздейді.

Болат Ермаханов, Шаруашылықтың бұрынғы басшысы: 
Жерімізді ала алмай отырмыз. Өзіміз шаруашылық құрып, күріш егумен айналысып, мал шаруашылығымен айналысайық десек. Мынау Сәрсенбаев Мұрат деген азамат ауылдың ауыз біршілігін бұзғанымен тұрмай. Жаңағы халықты бір-бірімізге салып қойды.

Ал белгілі кәсіпкер Мұрат Сәрсенбаев «Достық жер» серіктестігіне ауыл үлкендерінің шақыртуымен келгенін айтады. Екі жылдан астам уақытта 3 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйған. Техниканы жаңалап, былтыр күріштен рекордтық өнім алды. Жұмысшылардың жалақысы 40 пайызға өсіп, елдің ырысы тасыды.

Мұрат Сәрсенбаев, инвестор: 
Келісімшартқа отырған кезде бұлардың ешқайсысы кейін мынадай адамдар жерін сұрап келеді, басқа да бөлінетін жағдайлар болады деген жоқ. Біз соның есебінен лизингке техника алып отырмыз. Осы ауылдың жағдайын жақсартуға, айлықты да, тағы да басқа қарыздарын жауып отырмыз. Бұлардың ойы сол жерді алып сырттағы біреуге арендаға беру. Сосын да халықтың бәрі қарсы болып жатқаны.

Екі тараптың пікірін тыңдау үшін жиынға облыс әкімінің орынбасары мен прокурор арнайы келді.

Бақыт Жаханов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары: 
Әрине бұл міндетті түрде сотпен шешіледі деп көрсетілген заңда. Сондықтан, осы мәселені тағы да түсіндіріп айттық.

Сонымен жер дауына қатысты мәселе жалпы халықтық отырыста жан-жақты талқыланып, дау күзге дейін тоқтатылатын болды. Ал тараптар өзара келісімге келе алмаса, мәселе тек сот арқылы шешіледі.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу