G7 мемлекеттері Ресей әскерінің Украина маңында көбеюін айыптады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

G7 мемлекеттері Ресей әскерінің Украина маңында көбеюін айыптады

13.04.2021

«Үлкен жетілік» елдерінің сыртқы істер министрлері Ресей қарулы күштерінің Украина шекарасы маңында көбеюін айыптады. Сол мемлекеттердің қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Франция бар. «Әскердің ескертусіз кең ауқымда жылжуы қауіп төндіріп тұр. Біз Ресейді арандату әрекеттерін тоқтатып, халықаралық міндеттерге сәйкес, шиеленісті дереу доғаруға шақырамыз», - деп жазылған ортақ мәлімдемеде.

Украина президентінің кеңсесі хабарлағандай, Мәскеу елдің шығыс шекарасына 40 мың, Қырымға да 40 мың сарбаз бен офицер жөнелткен. Владимир Зеленский наурыздың 26-да ресейлік әріптесі Владимир Путинге аймақтағы жағдайды реттеу үшін келіссөз жүргізуді ұсынып, әлі жауап алмаған. Ал, сәуірдің 6-да украин резервистері кең ауқымды әскери жаттығуға кірісті.

Кремль болса, Киевтен келіссөздер туралы ұсыныс келмегенін және Ресей армиясының өз территориясында көшіп-қонуы ешкімді алаңдатпауы керектігін ескертті. Сонымен қатар, Мәскеу Украинамен соғысуға әзірленіп жатпағанын хабарлап отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу