Мәскеу Донбасстағы жағдайға араласуы мүмкін екенін ескертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеу Донбасстағы жағдайға араласуы мүмкін екенін ескертті

09.04.2021

Егер Украина армиясы сепаратистерге қарсы кең ауқымды операция бастайтын болса, Мәскеу орыстілділерді қорғау үшін Донбасстағы жағдайға араласады. Мұны Ресей өкілі Дмитрий Козак ескертті. Айта кетсек, қазір Украинаның шығысында көтерілісшілер мен украин жауынгерлері қақтығысып жатыр. Жыл басынан бері Киев 25 сарбаз жоғалтқан. Осындай шақта Ресей Украина шекарасына қарай 20 мыңдай сарбаз бен офицер жөнелтіп, ауқымды әскери жаттығу өткізді. Бірақ, Кремльге сенсек, олар ешкімге қауіп төндіріп тұрған жоқ.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен арадағы жағдай шиеленіскен шақта Донбассқа сапар шегіп, жауынгерлермен кездесті. «Қиын шақта солдаттармен бірге болып, аймақтағы жағдайды өз көзіммен көрейін», - дейді Зеленский. Сонымен қатар, сейсенбіде ол мәлімдеме жасап, НАТО-ны Украинаны өз қатарына қабылдауға жол ашуға шақырды. 

Донбасстағы қарулы жанжалдың қайта өршуі Америка Құрама Штаттарын да алаңдатып отыр. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің сөзінше, АҚШ әкімшілігі Украина маңында Ресей әскерінің көбеюін НАТО-дағы одақтастарымен талқылап жатыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу