Түркияның Хатай қаласында Түркі елдерінің саябағы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның Хатай қаласында Түркі елдерінің саябағы ашылды

05.04.2021

Өткен аптада Қазақстанның мұрындық болуымен өткен Түркі Кеңесіне мүше мемлекет басшыларының бейресми саммиті артынан Түркі елдері тағы бір басқосты. Бұл жолы Президенттері емес елшілері. Оған себеп Түркияның Хатай қаласында Түркі елдерінің паркі ашылды. 

Талай империялар мен тарихи тұлғаларға куә болған шағын шаһарда енді түркі дүниесіне ортақ саябақ та бар. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының мұрындық болуымен ашылған паркте түркі елдерінің танымал жазушылары мен ақындарының бейнесі бедерленген ескерткіштер де орнатылған. Араларында заманның заңғар жазушысы атанған Мұхтар Әуезовтың да барьелефі бар

Лүтфу Саваш, Хатай қаласының губернаторы:
Алдымен биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтетін барлық түркі мемлекеттерін осы мерекемен құттықтаймын. Бұл саябақ пен ескерткіштердің ашылуы түркі елдерінің мәдени байланысын нығайту бағытындағы бір қадам. Дегенмен біз тек мәдени бағытта емес, экономикалық-саяси бағытта да ынтымағымызды арттыруымыз қажет.

Атадан мал емес тал қалсын деген түркілерге ортақ ұстанымға сәйкес әр елдің атынан зәйтүн ағаштары да егілді. Биыл Хатайда ЭКСПО көрмесі өтетінін ескерсек, бұл саябақ туристердің де сүйікті орнына айналары сөзсіз.

Хатайда сондай-ақ, түркі елдері тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фотокөрме де ұйымдастырылды. Шараға келген қонақтарға әр елдің ерекшеліктері мен салт-дәстүрлері егжей-тегжей таныстырылып, тарихы баяндалды.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу