Жұмысты жандандырудың жалғыз жолы – екпе салу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұмысты жандандырудың жалғыз жолы – екпе салу

02.04.2021

Бір жылдан бері бизнесі тұралап, шығынға батқан кәсіпкерлер елді екпе салуға шақырып отыр. «Вакцинациалау - қауіптің алдын алу әрі қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы»,- дейді. Сақтық шараларын жіті ұстансақ, жұмысымыз да жанданады. Бастысы, тәртіпке бағынайық,- дейді бизнесмендер.

5 жыл бұрын сұлулық салонын ашып, ісін дөңгелеткен алматылық Гүлмира Аршабекова былтырдан бері біраз қиындыққа тап болды. Карантиннің кесірінен гүлденген кәсібі тұралап қалды. Қарамағындағы қызметкер қыз-келіншектің көбісі табыссыз отыр. Сондықтан кәсіпкер «Бәріміз екпе алсақ, еңбекке ораламыз»,- деген үмітте.

Гүлмира Аршабекова, сұлулық салонының иесі: 
Біздің негізгі жұмысымыз да, табысымыз да осы. Бюджетке салығымызды да төлеп отырмыз. Адамдар вакцина салдырса екен дейміз.

Автокөлік майларын ауыстыру орталығын ашқан шымкенттік Жасұлан Жылқыбаевтың кәсібі де кері кетіп тұр. Карантиннен жұмыс істеу уақыты қысқарды. Оған қоса бұрынғыдай жұрт автокөлігімен алыс жолға шықпағандықтан, қозғалтқышының майын ауыстыруға да сирек келеді.

Жасұлан Жылқыбаев, кәсіпкер: 
Коронавирус өршіп бара жатыр негізі. Телевизордан көріп, оқып жатырмыз. Алдын-ала сақтанып жүрсек, бұрынғы өмірімізге жылдам келеміз.

Ал Нұр-Сұлтандағы шағын мейрамхана иесі Дәулет Мыржықбаев карантинге байланысты қызметкерлерін 2 есе қысқартуға мәжбүр болған. Қарызы 5 миллион теңгеден асып кетті. Табыс табуға қарекетін жасау үшін кәсіпкер ұжым болып вакцина қабылдауға бел буған.

Дәулет Мыржықбаев, мейрамхана иесі:
 Пандемия кезінде өте ауыр жағдайға түстік. Кәсібіміз жүрмей жатыр.Вакцинаны бәріміз қабылдасақ, иммунитетіміз жоғары болады. Жұмыс істей аламыз.

Осылайша жер-жердегі кәсіпкерлер елді екпе алуға шақырып отыр. Олар жаппай вакцинациялау арқылы індет жұқтырушылар азайып, жұмысымыз жанданады деген сенімде.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу