Президент: Бұл жыл коронавирустан біржола арылудың жылы болуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Бұл жыл коронавирустан біржола арылудың жылы болуы тиіс

01.04.2021

Ахуал өте күрделі. Коронавирус қайта өршіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі эпидахуалды осылай бағалады. Мемлекет басшысы Үкіметтің жұмысын сынға алып, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға ескерту жасады. Бүгін Президент ковид індетіне байланысты маңызды жиын өткізді.

Қазақстанда індет қайта өршіді. Оған ел аумағынан анықталған вирустың жаңа штаммдары да себеп. Наурыз айында Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы вирус жұқтырған науқастардың саны жағынан көш бастады. Карантиннен қажыған бизнес пен қалың көпшілік талаптарға салғырт қарай бастаған. Бұл жағдайды одан бетер ушықтырып жатыр. Дегенмен, сақтыққа берік болсақ биыл оң өзгерістердің боларына үлкен сенім бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дегенмен көптеген сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы жалпы ахуал жақсарып, қайта өсім болып, пандемиядан кейін азаматтардың тұрмыс сапасының артуына мүмкіндіктер бар.

Президент екпе егу жұмыстарының тым баяу жүріп жатқанын қатаң сынға алды. Қазіргі таңда ел тұрғындарының не бәрі 0,2 пайызы ғана вакцина алған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет Спутник V бойынша уағдаластық пен отандық вакцина өндірісі елдің вакцинацияға қажеттілігін толықтай қамтамасыз ететіндігін айтып. Осы ақпараттың негізінде мен жаппай вакцинациялау 1 ақпаннан басталатындығын айттым. Екі ай өткеннен кейін халықтың 0,1 пайызға да жетпейтін бөлігі вакцина алған. Ендігі маған өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина жеткізуге қатысты келісуге тура келеді. Біз жедел жеткізілім үшін тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз.

Вакцинаға жауапты Денсаулық сақтау министрінің қазір Үкіметтегі орны мен құзыреті ерекше. Алайда жұмысы сылбыр. Шаруа ширамаса, министрмен қатар Үкіметтің өзі толықтай орнынан кетуі мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алексей Владимирұлы, бұған дейін сізге дәл қазіргі кезеңде Денсаулық сақтау министрлігі Үкіметтегі басты фигура екендігін айтқан едім. Сіздің ерекше өкілетіңіз бар. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз. Дегенмен, одан кейін қарқынды айтарлықтай төмендетіп жібердіңіз. Сәуір бойы сіз жағдайды дұрыстауыңыз қажет. Олай болмаған жағдайда сіздің көңіліңізді қатты қалдыратын кадрлық шешім қабылданады. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, сонымен бірге бүкіл Үкіметке қатысты.

Екпе егумен қатар ақпараттандыру жұмыстары да қатар жүруі қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек. Осы маңызды жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тартқан жөн. Бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды. Өйткені, ұжымдық иммунитет қалыптаспай, санитарлық шектеуді толығымен алып тастау мүмкін емес. Қызметкерлермен және олардың отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.

Шектеулер мен тексеріс те тиімді болмай тұр. Үкіметке мониторингтік топтардың жұмысын реттеу тапсырылды. Ал тексеріс кезіндегі заң бұзушылықтарға шағым жасау үшін прокуратура жанынан call орталықтар ашылуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шектеулер мен одан кейінгі рейдтер күтілген нәтижеге қол жеткізбей әлеуметтік шиеленіске себеп болып отыр. Мониторинг топтарының жұмысы кейде іріктеумен, ашық емес сипатқа ие болып, бір мекемелер үнемі тексерілсе, кейбірі мүлдем тексерілмейді.

Пандемия салдары бизнеске де оңай соқпай тұр. Сондықтан карантиннен зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдерінің несие төлемі кейінге шегерілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің кредиттері бойынша төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндіктерін пысықтауды тапсырамын.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жекелеген салықтар мен төлемдерді де кейінге шегеру мәселесін жедел пысықтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екіншіден, салықтық және кедендік берешектерді мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтата тұру керек. Бұл шаралар шын мәнінде жаппай вакцинациялау басталғанға және шектеулердің басым бөлігі алынғанға дейін қолданыста болуы тиіс.

Үкімет жағдайды жақсарта алса мамыр айынан бастап шектеулер ақырындап алынуы мүмкін. Ол үшін ең әуелі жаппай вакцина салу қажет деді Президент. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың мүмкіндігін кеңінен пайдалану керектігі айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Цифрлық шешімдерді қабылдауды тездету керек, бұл карантин шектеулері жағдайында халықтың мобильділігін сақтауға мүмкіндік береді. Цифрлық мониторинг кәсіп жүргізудің, әсіресе қызмет көрсету мен ритейл саласында тұрақтылықты қамтамасыз етеді. ASHYQ жобасын кеңінен қолдану- тек бизнестің міндеті емес. Үкімет жүйені кеңейтуді және белсенді енгізуді қамтамасыз етуі керек.

Емдеу мекемелерін қажетті заттармен қамтамасыз ету толық шешілмей отыр. Медициналық құрылғы, қорғаныш заттарымен қатар дәрі-дәрмектің өзі әлі күнге дейін қат. Реанимация бөлімдері орташа есеппен 64 пайызға жабдықталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жекелеген өңірлерде сатып алынатын жеке қорғану құралдарының тапшылығы немесе сапасының төмендігі байқалуда. Біз «СҚ-Фармация басшылығын ауыстырдық. Дәл қазір жаңа басшылықтың басқару мүмкіндіктерін көрсететін сәт келді. Олай болмаған жағдайда - жұмыстан босатылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды екпе мәселесіне қатысты қауесеттерден аулақ болуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз, ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: халқымыздың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцинациялауды табысты өткізуімізге байланысты.

Жиын соңында мемлекет басшысы биыл – қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл екенін еске салды. Бұл жыл пандемиямен күрестегі түбегейлі бетбұрыстың және коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс деп сөзін түйіндеді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу